«ЖАСЫЛ ЕЛ» ЖАСАҒЫ ЕҢБЕККЕ КІРІСТІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында «Жасыл ел» еңбек жасағы жаңа еңбек маусымын бастады.  Биыл оның сапында 1 мың 300-ден астам   студент жас еңбек ететін болады. Еңбек маусымының ашылуына орай «Абай» саябағында  салтанатты шара өтті. Оған жастар ресурстық орталығының  өкілдері мен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін  уақытша атқарушы Мөлдір Кеуенова қатысты.

– «Жасыл ел» бағдарламасы қабылданған алғашқы жылдардан бастап-ақ оң нәтиже беріп келеді. Осы бағдарлама аясында «Студенттік құрылыс жасақтары», «Жасыл ел» секілді еңбек жасақтары құрылған. Мұндағы мақсат – жастардың жазғы демалыста бос жатпай, еңбек етіп, жалақы табу ғана емес, өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбие алуы да маңызды. Себебі, сіздер туған қаламыз – Шымкенттің тазалығына, дамуына үлес қосасыздар. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Мөлдір Кеуенова.

«Жасыл  ел» бағдарламасы  жас ұрпақтың табиғатқа жанашыр болуына оң ықпалын тигізді. Соның арқасында мегаполисте миллионнан астам  түп ағаш көшеті егілді. Көгалдандырудың  көш басында негізінен студент-жастар жүрді. Былтыр әсіресе жастар құрғақшылыққа қарсы еңбек етті. Шымкенттік Құрмет Талапқазының бастамасына үн қосқан олар  жұмыла шөп шауып,  төрт түліктің азығынан тарыққан еліміздің батысындағы ағайынға қолғабыс тигізді.

Еңбек маусымының ашылуына орай өткізілген жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Жергілікті өнерпаздар  көпшілікке әннен шашу шашты.

Жалпы елімізде қоршан ортаны қорғау ісіне айтарлықтай үлес қосқан  «Жасыл ел» бағдарламасының жүзеге асып жатқанына 27 жыл болды.  Осы жылдар аралығында бұл бағдарлама жастарға жігер беріп,  өміршең  іс екенін дәлелдей алды.  «Жасыл ел» республикалық штабынының еліміздің әр аймағынан бөлімшелері ашылған. Олар бүгінгі таңға дейін жұмысын жалғастырып келеді.