Шымкент қаласында «Жасыл ел» жасақтарының еңбек маусымы аяқталды. Осыған орай салтанатты жиын өтіп, оған Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов қатысты.
– «Жасыл ел» еңбек жасақтары – ел аумағында жастарды кең ауқымда қамтыған жобаның бірі. Осы жастар қаланың көгалдандыру жұмыстарына белсене араласып, алаңдарда, саябақтарда абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Еңбектеріңізге алғысымды білдіремін. Жоба одан әрі жалғасын табады, – деді салтанатты жиында сөз сөйлеген басқарма басшысы.
«Жасыл ел» еңбек жасағы елімізде 2005 жылы алғаш құрылды. Содан бері бұл бастама көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. Сондай-ақ, жастарға жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды.
Өзге өңірлердегі секілді Шымкентте де еңбек жасақтарының сапындағы жастардың қатары көбейіп келеді. Бұл қаладағы жұмыссыз жастардың санын азаюына да ықпал етіп отыр. Атап айтқанда қалада еңбек жасақтарының биылғы маусымында 1 мың 313 жас еңбекке араласты. Салтанатты жиында Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов жобаға белсене қатысып, қаланың көркеюіне үлес қосқан жастарды Алғыс хаттармен марапаттады.
Шымкент қаласында былтыр шаһарды көгалдандыруды арнайы стратегиясы жасалды. Соған сәйкес, 8 негізгі саябақты қайта құру жоспары дайындалды. Одан бөлек 39 гүлзар абаттандырылады. Қала аумағындағы ескерткіштерді де ретке келтіру, Қошқар ата өзені маңындағы балалар бассейнін қалыпқа келтіру де жоспарға енгізілген.
Жобаға сай 8,2 гектар аумаққа 1 миллион түп ағаш көшеттері өсіріледі. Әр ауданнан 10 гектар жер бөлініп, жалпы 40 га аумаққа жасыл аймақ құру көзделіп отыр. Оларға суару жүйелері де орнатылады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында жасыл белдеуді дамыту мақсатында іс-шаралар жоспары бекітілген. Осыған орай ағаштарды электрондық есепке алу жүйесін енгізу мен аудандар бөлінісінде қала бойынша түгендеу жүргізу қолға алынады. 2025 жылға дейін Шымкентте жасыл аймақты 21544 га дейін ұлғайту жоспарланған. Онда 6,5 млн. дана ағаш-бұталар өсірілетін болады.
Айта кетейік, «Жасыл ел» бағдарламасының жүзеге асып жатқанына биыл 27-ші жыл. «Жасыл Ел» еңбек жасақтары 14-29 жас аралығындағы жастардың жазғы демалыс кезеңінде студенттік отрядтарда әр түрлі бағыттар бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді.