ЖАС ОТБАСЫЛАР САЙЫСҚА ТҮСТІ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент  қаласында «Отбасы күні» мерекесіне орай «Салауатты отбасы – салауатты қоғам» атты отбасылық спорт жарысы өтті. Саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған «FITNESS PARK KZ» жобасына Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы қолдау көрсетті. Мақсаты: жастардың дене шынықтыру мен спортқа деген қызығушылығын оятып, отбасылар арасында достық орнату, балалар мен олардың ата-аналарының денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау.

Отбасылық бәйгеде 10 команда бақ сынасты. Әр топта жасы 25-тен жоғары  төрт адам болды. Ал сайысқа қатысқан балалардың жасы 9  бен 17 жас аралығында. Жарыс 7 эстафеталық сайыстан тұрды.  Сайыс  «Шармен секіру», «Су тасу», «Кір қыстырғыш жинау», «Жұмыртқаны жарып алма», «Көңілді доптар», «Қаппен секіру» және «Орнында тұрып ұзындыққа секіру» секілді көңілді сайыстарға толы болды. Тапсырмаларды орындау үшін отбасы мүшелерінен шымырлық пен шапшаңдық, байсалдылық, аса ұқыптылықты талап етеді. Спорттық сында команда мүшелері  ширақ қимыл, епті әрекетімен өзгелерден озып шыуға барын салды.

«FITNESS PARK KZ» жобасына қазылық еткен танымал журналист, «Шымкент келбеті» газетінің бас редакторы  Бақтияр Тайжан:

– Отан – отбасынан басталады. Сондықтан мемлекет мықты болу үшін отбасының іргесі, ынтымағы мен татулығы берік болуы тиіс. Бүгінгі ойынға қатысушылар міне осындай отбасылық дәстүрді  танытуда. Ойындардың тағы бір кереметтегі, адамдарды татулық пен достыққа бастайды. Олар бір-бірімен сайысып қана қоймайды, танысып, біліседі,-деді.

Қазылар алқасының бағалау қорытындысына сәйкес ІІІ орынды Ринат пен Ақжібек Мустафина бастаған «Арыстан» командасы иеленді.  Ал, ІІ орыннан Талапбек Қыпшақбаевтың «Достық» командасы көрінді. Жүлделі І орынға Оралхан Есембеавтың «Жанұя» командасы лайық деп табылды. Одан бөлек, сайысқа қатысқан барлық отбасыға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар берілді.