ЖАҢА ЖОЛДАУ ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕДІ
-
Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
«Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ». Осылай деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстан халқына жаңа Жолдауын жария етті. «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты құжатта Мемлекет басшысы жуық арада жүзеге асырылатын өзгерістер туралы айтты.
Мемлекет басшысының Жаңа Жолдауын М. Әуезов атындағы ОҚМУ ұжымы ұйып тыңдады. Жаңа құжатта Президент сан саланың өзекті проблемаларын себеп-салдарымен мысал келтіре отырып, тілге тиек етті. Үкіметке қадау-қадау тапсырма берді.
«Ел болам десең бесігіңді түзе!». Балабақша тапшылығы әлі де бар. Тәрбиешілер жалақының аздығына наразы. Президент осы орайда, олардың жүктемесін азайтып, еңбекақысын көбейтуді тапсырды. Тек олар аттестаттаудан өтуі тиіс.
Мектеп формасы қолжетімді болуы керек. Ол үшін отандық жеңілөнеркәсіп саласын дамытқан жөн. Мемлекет басшысы бұл салаға тың серпін беру үшін тиісті шараларды қолға алуды міндеттеді. Жыл сайынғы Жолдауда білім саласына терең мән берілетін. Бұл жолы да солай болды. Жастарға білім алуы үшін жеңілдетілген несие берілетін болады. Сондай ақ, ілім қуған жастарды жатақханамен қамту мәселесі де өзекті. Бұл мәселе енді жекеменшік мемлекеттік әріптестік аясында шешілмек.
Салық саясатындағы бірізділік жоқ. Тексерушілер тым көп. Кедендік рәсімдеуде бір терезе қағидатын ұстануымыз керек. Бюджетте шекті нормативтер белгіленеді. Бұдан былай қордағы ақшаның бір тиынына дейін ең маңызды проблемаларды шешуге жұмсалады деді, Президент.
«Халық қатысатын бюджет» тұжырымдамасы өз нәтижесін көрсетіп отыр. Жаңа бюджет кодексі қабылданады. Заңнамалық нұсқаулықты жүз рет түзетуден ештеңе шықпайды. Бұдан былай салық төлемін арттырып, жұмыс орындарын мейілінше көбейткен кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.