ЖАҢҒЫРҒАН ДӘСТҮР

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Жаз шығып, жайлауға жайғасысымен қыс бойы  барыс-келіссіз қалған ағайынды жиып, қымызмұрындық өткізу қазақ үшін қызығы мол думанды мереке. Осы дәстүрді қайта жаңғыртқан  Шымкент қаласының «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» «Шымқала» этноауылында маусымдық  «Қымызмұрындық» этно-фестивалін өткізді. Бие байлап, саумал ашытқан, саба шайқап, күнде күбі піскен жеңгейлер бұл күні бекзада сусынның бірнеше түрінен көпшілікке  дәм татқызды.  Қымыз әзірлеушілер қымызды баптау тәжірибесімен бөлісті. «Биебайлар», «Ақтамақ», «Биебау» рәсімдері көрсетілді.

Қала күні мерекесіне орай өткізілген этно фестивальге 300-ге жуық қала тұрғыны мен қонақтар  қатысты. Оларға қымызмұрындық дәстүрінің мән мағынасы түсіндірілді. Жиынға арнайы келген қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан көпшілікті мерекемен құттықтады.  Тамырын терең тартқан Шымшаһардың жетістіктерін әңгімеге арқау етті.

Қымыз – исі  қазақ  қатты қадірлеп, мейірі  қана  ішетін  ұлттық  сусынның  бірі. Бабадан балаға  жалғасып келе  жатқан  атакәсіпті   сарқыттай  сақтаған   Оңтүстікте  қазір  қымыздың  30-дан  астам  түрін  ұқсатып, баптайды. Сақтайтын  мерзіміне  қарай саумал, құнан, дөнен  және  бесті  қымыз  деп  бөлінетін  сусынның  аса  бағалысы – хан қымызы. Бие  байлайтын  үй  қымыздың  мұндай  түрін   ең  сыйлы, құтты  қонағына  құрметпен  ұсынады.

Ата кәсіпті жалғастырып келе жатқан азаматтар «бие  сүтін  баптаудың  тәсілі  барлық   жерде  бірдей  болғанмен, әр  аймақтың  өзіне  тән  ерекшелігі  бар. Ал,  әр  алуан  әдіс    қымыздың  дәміне  айрықша  әсер  етеді. Сондай-ақ, әр жердің табиғаты мен көкорай шалғыны да ұлттық сусынның қасиетін даралай түседі,»- дейді  олар.

Шара аясында қыз-келіншектер диірмен тартып, келі түйді, табаға нан жауып, ас әзірлесе, жігіттер ұлттық ойындарда білек күшін байқатты.   Асық ату, қол күрес, арқан тарту, аударыспақ, секілді ойындар көрерменнің делебесін қоздырды. Әсіресе қатын күресті  көпшілік бейілі ауып тамашалады. Жеңімпаздар да құр алақан қалмады. Ұйымдастырушылар оларға қошқар, серке мен лақ жетектетіп жіберді.

Қымызмұрындық – желіге бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы және ынтымақ, еңбек пен бірліктің мерекесі. Бұл күні алыстағы ағайынмен бірге ауыл  ақсақалдар мен көрші-қолаң қымызмұрындыққа шақырылған. Яғни алғашқы қымыз көпшілікке салтанатпен ұсынылып көпке бұйырсын деген ниетпен берілген.

Этнофестивальден бейнесюжет қарай отырыңыз.

Қымыз дайындайтын жабдықтар көрмесі

Қымыз құю салтын бастау үшін жеңімпаз анықтайтын "Қатын күрес" сайысы