ЖОБА: ТҰРҒЫН ҮЙ САЛАСЫНДА ӘЙЕЛДЕРГЕ АРНАЛҒАН ИПОТЕКА БАР

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

«Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да тұрғын үй саласында гендерлік теңдікті жетілдіруге негізделген әйелдерге арналған ипотека жобасын іске асыруға кірісті. Жаңа бағдарлама «Азия Даму Банкінен» алынған 38 миллиард теңге қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылады және әйелдердің тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталады.

Ипотека шарттары бойынша қарыз алушыға қойылатын бірінші талап – кәмелеттік жасқа толған, әрі Қазақстан азаматшасы болуы керек. Оның отбасылық айлық табысы 320 000 теңгеден кем болмауы тиіс. Тұрғын үй таңдауда шектеу қойылмайды, ипотеканы жаңа пәтерлерге де, екінші нарықтағы пәтерлерге де, оның ішінде үлестік келісім бойынша да, жөндеу мақсатында да рәсімдеуге болады.

Ай сайынғы кірісі 200 000 теңгеге дейінгі қыз-келіншектер үшін берілетін несиенің ең жоғары сомасы – сатып алынатын тұрғын үй құнының 85% (бағалау құны Банктің кепілдік тәуекелдері бөлімімен расталуы керек), ТҚЖ қоспағанда, кірісі 200 001-ден 320 000 теңгеге дейінгі қыз-келіншектер үшін ТҚЖ есебінсіз, сатып алынатын тұрғын үй құнының 80%.

Сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны – 30 миллион теңге (қоса алғанда); тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін алынатын қарыздың ең жоғары көлемі – 3 700 000 теңгеге дейін (қоса алғанда).

Несиенің негізгі шарттары:

Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – 12% (ЖТСМ – 12,2%-дан), кейіннен 5%-ға дейін төмендеуімен (ЖТСМ 5,2%-дан)

Бастапқы жарна – 15-ден 50%-ға дейін

Алдын ала несие беру мерзімі – 6 айдан 10 жылға дейін

Жоба аясында шамамен 4000-ға жуық қыз-келіншек тұрмыстық жағдайын жақсартады деген үміт бар.

 

«ШАҢЫРАҚ» ЖОБАСЫ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

 «Шаңырақ» пилоттық жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, баспаналы болуды армандаған қазақстандық азаматтарға жеңілдетілген шарттармен несие беру мақсатында әзірленгені белгілі. Жобаға баспанаға мұқтаж жан ретінде әкімдіктер кезегіне тұрған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Ол үшін соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін отбасылық табыстың бір айлық көлемі 3,7 күнкөріс минимумынан аспайтын (2021 жылғы күнкөріс минимумы – 34 302 теңгеге тең) еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістің (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығы мен басқа да міндетті аударымдарды есептемегенде) болуы талап етіледі.

Аталмыш бағдарлама бойынша тұрғын үйді тек жаңадан салынған үйлерден ғана алуға болады. Бұл – «5-10-20» бағдарламасы бойынша жергілікті әкімдіктер салып жатқан несиелік тұрғын үйлер мен жеке құрылыс компаниялары салған үйлер (сондай-ақ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ-ның үлестік құрылысқа қатысу туралы кепілдігі бар келісімі болған жағдайда). «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша пәтер алуға болатын құрылыс компанияларының тізімін www.hcsbk.kz сайтынан жүктеп алуға болады.