ЖОЛАЙЫРЫҚ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында халық саны көбейген сайын автокөлік қозғалысы қиындай түсті. Осыған байланысты биыл Бәйдібек би  және  Ұланбек Арғынбеков көшелерінің қиылысында жолайрық құрылысы басталған болатын.  Оның  құрылысы екі жылға жоспарланған.  Үш деңгейлі жолайырықта сәулеттік жоспарға сәйкес ені 80 метрлі 4 және 6 жолақты автомагистраль салынады. Жол жиегіне жаяу жүргіншілерге арналған тротурар және веложол төселмек.

Мегаполистегі маңызды магистраль құрылысына бюджеттен 13 миллиард теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың  10 қаңтарында басталды. Қазір мұнда инженерлік желілерді көшіру жұмыстары атқарылуда. Жолайырық Бәйдібек би даңғылының 700 метрін, Арғынбеков көшесінің 921 метр  жерін қамтиды. Құрылысты «ҚазақДорСтрой» ЖШС-і мекемесі жүргізуде. Мердігер компания  жол құрылысы саласында мол тәжірибеге ие.  Құрылыс нысанында қазіргі таңда 20-дан астам техника мен 110-нан астам адам жұмыс істеуде.

Жауапты мекеме өздеріне жүктелген міндетті уақытында аяқтай алатынына сенімді. «ҚазақДорСтрой» ЖШС өкілі Қуаныш Әлмұханов:

– Бізге бекітілген жоспарға сәйкес, Ұланбек Арғынбеков көшесіндегі тоннель бөлігін биылғы жылдың қыркүйек айына дейін аяқтаймыз. Тоннельді көлік қозғалысына ашқан соң, Бәйдібек би көшесі бойындағы эстакада жұмыстарына кірісеміз. Қазір жұмыстар   кесте мен жоспарға сай жүріп жатыр. Инженерлік желілерді көшіру толықтай аяқталған соң, біздің де жұмысымыз біршама қарқын алады деп ойлаймын,-дейді.

Жалпы, жолайырық құрылысы үш кезеңге бөлінген. Оның  құрылысы үшін жекенің меншігіндегі  52 нысан мемлекет иелігіне  қайтарылмақ. Мамандардың  айтуынша, кәсіпкерлік субъектілерінің қатарында үлкен нысандар жоқ, тек олардың автотұрақтары мен тұрғын үй аулалары ғана енген. Бүгінде олардың иелерімен  ортақ мәміле жасалған. Мамандардың айтуынша,  жолайырық мегаполистегі көлік нөпірін едәуір азайтуға сеп жасамақ.