ЖОЛАҚЫ ТӨЛЕМІН БАҚЫЛАУ ТОБЫ ҚҰРЫЛАДЫ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерде жолаушылардың жолақыны электронды түрде төлеу процесін қадағалайтын бақылау тобы құрылады. Топ мамандары тексеруге қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов жарты жылда атқарған жұмыстарына байланысты өткізген баспасөз жиынында айтты.
– Бүгінде басқармаға жолаушыларды қолма-қол ақшамен төлеуге мәжбүрлейтін кондукторлардың жұмысына көптеген шағымдар түсуде. Бұл мәселені шеші үшін қоғамдық көліктердің қалалық бағыттарына кондукторсыз жүйені кезең-кезеңмен енгізу міндетін қойып отырмыз. Енді жаңа жүйеге сәйкес автобуста кондукторлар мүлдем болмайды. Бұл дегеніміз, жолаушы өзі жолақысын қолма-қол, «Tolem» картасы, SMS код немесе QR- код арқылы төлей алады,-деді басқарма басшысы.
Қазіргі уақытта, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Шымкент қаласы полиция департаментінің арасында жаңа жүйені іске асыру мақсатында меморандум түзіліп отыр. Меморандумға сәйкес, полиция қызметкерлері және бақылау тобы бірлесіп, жол ақысын төлемеген жолаушыларға әкімшілік құқық бұзу туралы хаттамалар түзіледі, айыппұл салады.
Сала мамандары қоғамдық көлікке мінген жолаушылардан егер жол ақысын қолма-қол төлеген жағдайда, міндетті түрде билет беруді талап ету керек екенін еске салады.Жалпы жаңа жүйенің мақсаты – ашықтықты қамтамасыз ету, жүргізушінің жалақысын көтеру, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету, жолақы төлемін автоматтандыру, жалпы алғанда орын алған кемшіліктерді жою тұрғысында қоғамдық көліктерде мәдениеттілікті қалыптастыру болып табылады.
Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының сондай-ақ жолаушылардың өтініштерін есепке ала отырып, қоғамдық көліктің сағат 20:00-ден кейін жүру уақытын 80 пайызға арттыруды мақсат етуде. Бұл мақсатқа жету үшін автобус бағыттарын есепке алудың автоматтандырылған бағдарламасына түзетулер енгізілді. Және сызбаға сай автобустар өтуге міндетті бақылау аялдамалары анықталды. Жоспарлы рейстерді сағат 20:00-ден кейін орындамаған, бақылау аялдамалары арқылы өтпеген немесе бағытта жарым-жартылай ғана жүріп өткен қоғамдық көліктердің атқарған жұмысы ептелмейді. Соған сәйкес субсидиялау қаржысы қысқартылатын болады.