ЖОЛБАСШЫДА ЖОЛ ТӨСЕЛІП ЖАТЫР

  • Түркістан облысы, Келес ауданы
blog-single-image

Түркістан облысы Келес ауданындағы ауыл-аймақтар бүгінде жедел дамып, өсіп-өркендеп келеді. Соның бірі – Жолбасшы ауылы. Мұндағы тұрғындар саны жыл сайын артып, елді мекен ұлғаюда. Жаңадан бой түзеген көшелерге инфрақұрылым жүйелерін тартылып, оларды жаңарту мақсатында биыл ауылдағы жолдар кеңейтіліп, тегістеліп, жөнделіп жатыр.

Жыл соңына дейін Жолбасшы ауылындағы 4 көше «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында жаңарады. Олар Үштөбе, Ақбұлақ, Наркескен және Бәйтерек көшелері. Көшелердің жалпы ұзындығы 9 шақырым. Қазір төрт көшеге шағал төселіп, тегістеу жұмыстары жүргізілді. Жақын күндері оның бетіне асфальт төселеді. Жалпы, Біртілек ауылдық округінде биыл жалпы ұзындығы 13 шақырымнан аса жол асфальттанады.

– Жол мәселесімен қоса елді мекенді газдандыру жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Көрші Сарыағаш ауданының аумағында орналасқан Таскескен автоматтандырылған газ реттеу станциясының құрылыс жұмыстары аяқталып, таяуда іске қосылады. АГРС осы төңіректегі бірнеше ауылға табиғи газ жеткізетін болады. Бүгінгі таңда ауыл ішіне тартылған газ құбырларындағы ақаулар анықталып, зақымдалған, бүлінген жерлерін жөнделуде. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, ауыл халқы көгілдір отын тұтынып, өркениет игілігін сезінетін болады, – дейді Біртілек ауылдық округі әкімдігі аппаратының инфрақұрылым маманы Мұхамедәлі Әзімбаев.