ЖОЛ САПАСЫН ТЕКСЕРУ КЕЗІНДЕ 1 МЫҢ 600-ДЕН АСТАМ АҚАУ АНЫҚТАЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

         «Жол активтрі сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалы қызметкерлері соңғы үш жылдың ішінде жаңадан төселген 745 жолды сараптамадан өткізді. Нәтижесінде құрылыс талаптарына сай келмейтін 1 мың 632 кемшілік анықталған. Оның 150-і өрескел қателіктердің салдарынан орын алған.

Одан бөлек, филиал қызметкерлері «Сапалы жол – адалдық алаңы» кеңсесімен бірлесе отырып, жол сапасына қатысты заң бұзушылықтарды анықтау мақсатында  24  рейд ұйымдастырды. Биыл да бұл жұмыс жалғасын тауып,  205 нысанға  рейд жүргізілді. Нәтижесінде 198 кемшілік пен ақау анықталды. Оның дені жол белгілерінің беріктік талаптарына сәйкес келмеуі, бетон сапасының нашарлығы секілді кемшіліктер.

Сондай-ақ, арнайы сынама алынып, зертханада 780 құрылыс материалының құрамына  сараптама жасалды.   556-ның талапқа сай келмейтіні анықталды. Бұл туралы ҚР ИИДМ  «Жол активтрі сапасының ұлттық орталығы» РМК Шымкент қалалық филиалының директоры Мұхтар Дүйсембеков айтты.

– 2019 жылдың наурыз айында Үкіметтің қаулысы бойынша  құрылған «Ұлттық сапа орталығының» басты  міндеті – үш бағытта жұмыс істеу. Біріншісі, жол жөндеу жұмыстары, сараптама жасау және де жол құрылыс материалдарына сараптама жасау, екіншісі, автомобиль жолдарына диагностика жасау, үшінші, ведомоствалық сараптама жасау.

Филиал бүгінгі таңда сондай-ақ маман даярлау ісіне де айырықша көңіл бөліп келеді. Бұл тұрғыда Білім басқармасымен бірлесіп, болашақ жол құрылысы мамандарын дайындау мақсатында кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізуде. 2020 жылы 50-ге жуық мектепте жол құрылысы саласының ардагерлері, білікті мамандармен  кездесулер ұйымдастырылған болса, былтыр қаламыздың барлық мектептерінде осындай шара өткіздік. Ал биыл 70-ке жуық мектепте кәсіби бағдар беру жұмысы жүргізілді, – деді спикер.

Сонымен қатар, «Жол активтрі сапасының ұлттық орталығы» тарапынан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетімен және Жол-көлік колледжімен болашақ жол мамандарға бағыт-бағдар беру мақсатында меморандум түзіліп, тұрақты түрде іс-шаралар өткізіліп тұрады. Үш жылдың ішінде 9 студент ақылы өндірістік тәжірибеден өтті. Қазіргі таңда М. Әуезов атындағы ОҚУ түлегі сынақ зертханасында қызмет атқаруда.