ЖУРНАЛИСТ – ҚОҒАМНЫҢ ЖАНАШЫРЫ
-
Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Шымкент қаласындағы БАҚ өкілдерімен кездесті. Басқосуда министр БАҚ туралы заң жобасына, өңірлік БАҚ-тың бүгінгі жағдайына тоқталды. Сонымен бірге журналистердің біліктілігін арттыру, басылымдардың жаңа медиаға бейімделу үрдісі мен қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту жұмыстары туралы ойын айтты.
– Бүгінде министрлік бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заңның жобасын әзірлеп жатыр. Онда журналистердің статусын айқындайтын, олардың құқықтарының қорғалуы мен әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсетілуін қамтамасыз ететін және кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған нормалар болады. Сондай-ақ, БАҚ-тарды субсидиялау туралы да ұсыныстар айтылып жатыр. Әрине, мұның бәрі әзірге жоба ғана. Жұмыс тобы нақтылау жұмысын жүргізіп жатыр. Содан кейін заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылады, -деді министр.
Еркін форматта өткен жиында БАҚ өкілдері өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.
Шымкентте сапары барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Шымкент қалалық этномәдени бірлестіктер төрағалары, қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылым жетекшілерімен де кездесті. Жиында этносаралық қатынастар саласындағы бірлесе атқаратын жұмыстар нақтыланып, өзекті мәселелер талқыланды. Министр еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына тоқталып, түрлі этнос өкілдері еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жатқанына айырықша тоқталды.
– Қоғамдық келісім — еліміздің басты байлығы. Қалалық ассамблея мүшелері, этнос өкілдері әрдайым ұйымшылдық танытып, қайырымдылық акцияларына белсене қатысады. Қазіргі таңда мемлекеттік тілге деген құрмет, этномедиацияны дамыту жұмыстары қарқын алған. Біз барлық бастамаларыңызды қолдауға дайынбыз, – деді Дархан Қыдырәлі.
Кездесуде Қазақстандағы өзбектердің «Дустлик» қауымдастығы төрағасы И.Хашимжанов, түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Л.Асанов, славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Н.Сергеева «Ассамблея жастары» РҚБ қалалық өкілдігінің басшысы Н.Мейірбеков ұлтаралық татулық бағытындағы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Шымкент қаласында қазір 17 этномәдени бірлестік пен 19 шығармашылық ұйым жұмыс істейді. «Достық үйі» ғимаратынан жуырда «Бірлік алаңы» коворкинг орталығы ашылды.