ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚЫРКҮЙЕК АЙЫНЫҢ СОҢЫНДА АЯҚТАЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардағы жылу жүйелерінің қысқа дайындығын тексеріп шығып, саланың жауапты мамандарына бірқатар тапсырмалар берді.  Шаһардағы жылу жүйлерін тоздырмай қалыпты жағдайда ұстап тұру мақсатында  биыл 19,4 шақырым жылу  құбырын ауыстыру ісі басталған болатын. Бүгінгі таңға дейін оның 17,8 шақырым жері, яғни жұмыс көлемінің  92 пайызы аяқталды.

Қаланың басым бөлігін жылумен қамтамасыз ететін «Үшінші жылуэнергоорталығы» үш қазандықты ағымдағы жөндеуден өткізіп, электр қуатын реттейтін трансформаторға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ал орталықтағы жылу өндіретін 4 бойлерді күрделі жөндеу ісі әлі жалғасып жатыр. Бүгінгі таңға межеленген жұмыстың 78 пайызы орындалған. Сондай-ақ бойлерлерге көмекші қондырғының ағымдағы жөндеуін осы жылдың 20 қыркүйегінде аяқтау көзделіп отыр. Мамандар бұл жұмыстың қазіргі дейін 85 пайызын атқарып үлгерді.

Қала әкімі сала мамандарымен бірлесіп жүргізген тексеру барысында «Куатжылу орталык-3»  мекемесіне тиесілі 838 шақырым жылу жүйесінің бойынан 80-ге жуық ақау мен бүлінген жерді анықтады.

Шымкент қаласындағы орталық жылу қазандықтарына қосылған жалпы 1 мың 987көпқабатты тұрғын үй бар.  Бүгінгі таңда олардың 91 пайызы қыстағы жылыту маусымына сақадай әзір. Ал, 484 бюджеттік мекемелердің 99 пайызында жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Қалған жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Жақын күндері аяқталады.

Шаһар басшысы отын қорының да жай-күйімен танысып шықты. Жылу беру орталықтары қазірдің өзінде қажетті отын қорын жасақтап үлгерген. Ал әлі табиғи газ желісіне қосылмаған, орталық жылу жүйесіне жалғанбаған қала тұрғындары үшін  қыс маусымында 66 мың тоннадай қатты отын қажет. Қазірге дейін шаһарға 100 мың тоннадан астам көмір әкелінді. Яғни 35 тонна көмір артығымен жиналған.

Жылыту маусымына әзірлік жұмыстарын саралай келгенде Шымкент қаласы маусымға 90 пайыз әзір болып шықты. Қала әкімі Мұрат Әйтенов дайындық жұмыстарының әрі қарай да қатаң бақылауында болатынын жеткізді.