ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ӘЗІРЛІК ПЫСЫҚТАЛДЫ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қаласында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы пысықталды. Шаһардың басым бөлігін жылумен қамтамасыз ететін «3-Энергоорталық» АҚ-ы биыл бірқатар өндірістік қондырғыларын күрделі жөндеуден өткізді. 2022 жылға арналған инвестициялық бағдарлама аясында №1 ТГМЕ-464 қазандық агрегатының КБҚ-4 сатысының күрделі жөндеу жұмыстарына 65,356 млн теңге, №1,2,3 бойлерді (желілік су жылытқыш) күрделі жөндеуге 101,5 млн теңге қаржы қаралып, №1 ТГМЕ-464 қазандық агрегатының РАҚ 144 (суық қабат) пакеттері 21,46 млн теңгеге сатып алынды. Жылу жүйесіндегі жөндеу жұмыстары биыл көктемде басталған.
Атап айтқанда, 2 турбина мен 3 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізілсе, транформаторлар күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ су жылытатын 3 бойлерге де күрделі жөндеу жасалды. Межеленген істің бүгінгі таңға дейін 82 пайызы, ал қосалқы жабдықтарды ағымдағы жөндеуден өткізу жұмысы 95 пайызға орындалды. Қалған жұмыстар алдағы 10 күн ішінде аяқталатын болады.
– Жалпы энергоорталықтың 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы бойынша алдағы бес жылдықта жылыту маусымдарын апатсыз өтуін қамтамасыз ету көзделген. Бұдан бөлек, негізгі жабдықтың тозуын 8 пайызға төмендету, су шығынын азайту және қызмет көрсету аймағын кеңейту кезінде жылу өндірісін ұлғайту мүмкіндігін сақтау бойынша тиісті жұмыстар жүзеге асырылады. Біз барлық күш-жігерімізді станциядағы жабдықты жаңғыртуға, қазандықтар мен турбиналарды техникалық жарамды күйде ұстауға бағыттаймыз. Мұның бәрі Шымкентті сапалы жылумен сенімді түрде қамтамасыз ету үшін жасалуда. Біз үшін ЖЭО-ның үздіксіз және тұрақты жұмыс істеуі – бірінші кезектегі міндет, – дейді «3-Энергоорталық» АҚ-ы бас директоры Қайрош Оңғарбаев.
Бүгінгі таңда шаһардағы «Қуатжылуорталық-3» МКК-ға қарасты 15 жылу қазандықтың 13-і дайын. Қалған 2 қазандық жұмыс режиміне дайындық үстінде. 17 сорғы стансаның 15-і сақадай сай, ал қалған екеуінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында биыл шаһарда ұзындығы 19,4 шақырым болатын жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бүгінге дейін межеленген жұмыстың 97 пайызы орындалды.
Жалпы, қалада орталық жылу жүйесіне қосылған 1 мың 987 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 93 пайызы, яғни 1 мың 863 үй жылыту маусымына дайын. 124 көпқабатты тұрғын үйде қыс маусымына дайындық жұмыстар жалғасуда. Ал, қаладағы 484 бюджеттік мекеменің 99 пайызы жылыту мауысына толық дайын.