ЖЫЛ САЙЫН 200 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛЕДІ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Биыл Шымкент қаласының орталығы мен шалғай аймақтарындағы  187 көше жөнделеді. Бұл жолдардың ұзындығы 350 шақырымнан асады. Солардың бірі Ж. Адырбеков көшесі. Шаһардағы күре жолдардың бірі саналатын бұл көшенің Т. Рысқұлов пен С. Жандосов көшелерінің аралығындағы бөлігі  осыдан екі жыл бұрын кеңейтіліп,  жаңадан асфальт төселеген болатын. Биыл оны Тәуке хан даңғылына дейін ұзарту жұмыстары жүріп жатыр.

Бүгінгі таңда Жібек жолы көшесінен Ғ. Иляев көшесінің аралықтарына екінші қабат асфальт төселіп бітті. Ал, Тәуке хан даңғылына дейінгі бөлігінде  инженерлік жүйелердің орнын ауыстыру жұмысы жүріп жатыр. Көшеге күрделі жөндеу жүргізу үшін 23 жер телімі  мемлекет меншігіне қайтарылуы керек. Бүгінгі таңға оның тек біреуі ғана келісімге келіп, мүлкін мемлекетке қайтарған.

Жалпы Шымкент қаласында биыл 5 ауқымды нысанның құрылысы аяқталады. Оның біріншісі, Қонаев даңғылының жалғасы. Үш кезеңге бөлінген күрделі жұмыс 2020 жылы басталған болатын. Биыл шілде айында толық аяқталғалы отыр.  Қазір жұмыстың 90 пайыздан астамы орындалған. Екінші, А-2 автомобиль жолының екінші кезеңі бойынша шеңбер тәрізді  жолайрықтың құрылысы. Биыл бұл нысандағы жұмыстың тең жартысы бітеді. Үшіншісі, Самал-1,2,3 шағын ауданының магистралды және қалаішілік көшелеріне 12,2 шақырым жол салынып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бүгінде жұмыстың 95 пайызы іске асырылды. Төртіншісі,  Рысқұлов-Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайырық. Ауқымды жобаның қазір 90 пайыз жұмысы аяқталған.  Сонымен қатар биыл пайдалануға берілетін бесінші нысан: Рысқұлов-Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолаушылар өткелі. Аяқжол құрылысына байланысты жұмыстар 90 пайызға орындалған.

Бұл жобалардың құрылысымен  барлығы 38 мердігер мекеме айналысып жатыр. Мұнан бөлек тағы  61 көшенің жол жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені анықтау  мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде.

Шымкент қаласы әкімдігінің 2021-2025 жылдарға бекіткен жоспары бойынша  жыл сайын шаһарда 200 шақырымнан аса жолға орташа жөндеуден жасалатын болады.