ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 3 МЫҢҒА ТАРТА ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Шымкентке жасаған апары кезінде қала әкімдігіне жүктеген  тапсырмаларының бірқатары жүзеге асуда. Соның бірі  тұрғын-үй құрылысын жандандыру мәселесі. Мемлекет басшысы тұрғындармен кездесуде жергілікті билікке тұрғын-үй құрылысының қарқынын бәсеңдетпеуді, ең бастысы, оның бағасы жұртқа қолжетімді болуы қажет екенін жүктеген болатын.

Осы міндеттемеге сай биыл Шымкент қаласы бойынша 1 миллион 60 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгелі отыр. Оның ішінде 152,5 мың шаршы метр баспана  мемлекеттің қаржыландыруымен салынса, 467,5 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысын инвесторлар өз қаржыларына тұрғызған.  Сондай-ақ, бүгінгі таңда 440 мың шаршы метр тұрғын үйді жеке азаматтар өз есебінен салып жатыр.

Шымкент қаласы  құрылыс басқармасының мәліметі бойынша, биыл қалада «Нұрлы жер»  тұжырымдамасы аясында мемлекеттік бюджет есебінен тұрғын үй құрылысын жүргізу  үшін 32,5 миллиард  теңге бөлінген. Бұл қаржыға қазір шаһарда 51 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Оның жалпы  көлемі  239,2 мың шаршы метр. Бұл үйлердің құрылысы аяқталғанда  2 мың 972  отбасы пәтерлі болып, жаңа қонысқа жайғаспақ. Бұл көпқабатты тұрғын үйлердің 33-нің құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігне беріледі. Яғни,  1 мың 880 пәтердің кілті табыс етілмек. Атап айтқанда, олардың 19-ы кредиттік және 14-ы  арендалық тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға  беріледі.

Бүгінгі таңға дейін шаһарда 11 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдаға берілді. Нәтижесінде  аумағы 49,8 мың шаршы метр болатын  576 пәтер баспана кезегін күткен азаматтарға берілді.  Ал, 1 305 пәтерлі 22 тұрғын үйдің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Сондай-ақ, 1 092 пәтерлі 18 тұрғын үйдің құрылысы келесі жылға өтпелі.

Мемлекет басшысы Шымкенттегі сапары кезінде қаланың демографиялық өсімін ескере отырып, әкімдікке 2025 жылға дейін тағы бір “Оқушылар сарайын” салуды,  5 жылдың ішінде 101 мектеп тұрғызуды тапсырған болатын.  Бұл жұмысқа бизнес өкілдері белсене атсалысып жатыр. Жалпы, мегаполисте  соңғы екі жылда 50 жекеменшік мектеп ашылды. Кәсіпкерлердің білім саласына салып жатқан инвестициясының арқасында алдағы жылда шаһарда  үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешімін таппақ. Мұнан бөлек, Шымкентте 2 мың орындық Конгресс холлдың құрылысы басталды. Бұл нысан келесі жылы пайдалануға беріледі.