ЖЫЛ СОҢЫНДА 290 АДАМҒА ЖҰМЫС ТАБЫЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
blog-single-image

Шымкентте жеңіл өнеркәсіп саласында айтарлықтай ілгерілеушіліктер байқалып отыр. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өнімі 10,1 пайызға өскен. Биыл қалада инвестиция көлемі 52,8 млрд теңге қаржыны құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба жүзеге аспақ.

Сол жобалардың бірі – аралас иірілген жіп шығаратын «Azala Cotton» зауытының екінші цехы. Инвестициялық жобаның құны – 1,9 миллиард теңге. Жылына 2500 тонна өнім өндіретін жоба жыл соңына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр. Цех толыққанды жұмыс істегенде 200 адамға жұмыс орны ашылады. Өнімнің 100 пайызы ішкі нарыққа арналған.

«BAL TEKSTIL» ШВЕД БРЕНДІНІҢ МЕРЗІМСІЗ КЕЛІСІМ-ШАРТ ЖАСАСҚАН ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЛҒАШҚЫ КӘСІПОРНЫ

Өнімдері тұтынушысының көңілінен шыққан «Бал Текстиль» кілем және кілем өнімдерін шығаратын кәсіпорын жаңа жобасын іске қосты. Құны – 2,5 млрд.теңге болатын төртінші жоба өнім қуаттылығын арттырып отыр. Енді өнеркәсіп 1,4 млн шаршы метр өнім шығаруға қауқарлы.

Фабрика өндірісі жыл соңында толығымен іске қосылып, 90 адам жұмыспен қамтылатын болады. Өнімнің 70 пайызы ішкі, 30 пайызы сыртқы нарыққа шығарылады. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталған, техникалар толықтырылып жатыр.

«Bal Tekstil» кілем фабрикасы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Еліміздегі ғана емес, республикамызда жеңіл өнеркәсіп саласының көшбасшысы болып танылған. Фабрика жылына 4000 тонна полипропилен жібін және 5 млн шаршы метрден астам кілем мен кілем бұйымдарын шығарады. Кәсіпорын алғашқы өнімін 2013 жылы «Оңтүстік» АЭА аумағында шығара бастады. Ал, 2015 жылдың екінші жартысынан бастап « шетел нарығына шыға бастады. 2021 жылы Қазақстанда жасалған кілемдерге әлемге әйгілі IKEA компаниясы назар аударды. «Bal Tekstil» Швед брендінің мерзімсіз келісімшарт жасасқан Қазақстанның алғашқы кәсіпорны.

Сондай-ақ, кілем фабрикасы жанынан «Бал декор» принт кілемдері мен кілемшелерін өндіретін зауыт ашылған. Кілемшелер заманауи үлгіде тоқылып жатыр. Олар тұрмыста қолдануға ыңғайлы, еденде таймайды, кір жуатын машинада жууға болады. Зауыт Түркиядан әкелінген технологиямен жабдықталған. 120 млн теңгені құрайтын жобаның өндіріс қуаттылығы жылына 400 мың шаршы метр кілемше шығаруға жетеді. Мекеме 14 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнімі ішкі нарықта саудаланумен бірге, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан елдеріне экспортталуда.