ЖҮЙЕ ЖАҢАРТЫЛДЫ, ЖАРЫҚТАНДЫРУ АВТОМАТТАНДЫРЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында ескірген электр жүйелерін жаңарту, трансформаторлардың қуаттылығын арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүріп жатыр. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын тұрғындарды  сапалы электрмен қамтамасыз ету көрсеткіші 95 пайызды болса, жүйелі түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде биыл бұл көрсеткіші 99 пайызға жеткен. Келер жылы қалаға қарасты барлық аймақ тұрғындарының халқы сапалы электр қуатына қол жеткізеді. 

Осы жоспарлы істің аясында Қаратау ауданына қарасты Тұран елді мекені тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтудың екінші кезеңдегі жұмыстары жүруде. Былтыр басталған жұмыс биыл аяқталып, тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу, яғни абоненттеу жұмысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары барысында  86,5 шақырым электр желісі тартылды.  21 электр трансформаторы  және  3  мың 78 электр бағанасы  орнатылды. Абоненттеу жұмыстарының нәтижесімен барлығы 3  мың 58 абонент сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.  Тұрандықтар бұған дейін тұтынған электр қуатының 1 килловаты үшін 25-30 теңге аралығында төлемақы жасаған болса  енді тариф 17,9 теңге болады.

Жалпы, биылғы жылы Шымкент қаласындағы Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап, Солтүстік саяжай елді мекендері сапалы электр қуатымен қамтылады. Соның арқасында   22 мыңға жуық халық сапалы электр тұтыну мүмкіндігіне ие болып, тұрғындардың қамтылу көрсеткіші 98 пайызға жетеді.

Бұл салада биылғы жылға жоспарланған жоспар аясында Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақ аумағында түнгі жарықшамдар да жаңартылуда. Демалыс орынындағы қуаттылығы 150 Вт – ты құрайтын 100 жарықшам ауыстырылды. Алдағы уақытта тағы 250 – і жаңартылмақ.Қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен ыңғайлылығы үшін шамдар таңғы 5:00-ден 7:00-ге дейін және кешкі 19:00-ден 22:00-ге дейін жанып тұратын болады.

Шымкент қаласында «Ақылды қала» жобасы да сәтті жүзеге асып жатыр. Жоба аясында жарықтандыру жүйесі автоматтандырылуда. Әзірге қала аумағындағы 97 көшенің жарықтандыру жүйесі орталық арқылы басқарылуда. Соның арқасында істен шыққан жарықшамдар кері байланыс арқылы автоматты түрде мониторда көрсетіледі және түнгі мезгілде көлік қозғалысы баяулаған кездерде жарық беру пайызы бірден төмендейді. Бұл электр қуатын едәуір үнемдеуге септігін тигізеді.Көше жарығы бақылайтын диспетчерлік орталық биылғы  жылдың мамыр айында жұмысын бастады.

Қазіргі уақытта шаһардағы  әлеуметтік маңызы бар 747 көшенің 324-і жарықтандырылған. 2024 жылы Шымкент қаласындағы  барлық көше тұтастай автоматтандыру жүйесіне қосылады.