ЗАМАНА ЗАРЫН «АҢСАҒАН СӘБИ» ШЕШЕДІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Соңғы жылдары демография саласында жүргізілген зерттеулер Қазақстандағы әрбір алтыншы жұп сәби сүйе алмайтынын көрсетіп отыр. Бір балаға зар болғандардың қарасы қалыңдап, ата-ана зары замана зарына айналып барады. Оған себеп көп. Ата-ананың бала денсаулығына жүрдім-бардым қарауы, экология, ас-ауқаттың сапасының болмауы. Қолдағы телефон… Айта берсек, ары қарай тізе беруге болады. Соңында баланың болмауы…

Қазақстандықтар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға жауап бергендердің 20 пайызы “ажырасудың бірден-бір себебі – бала сүймеу” деп көрсеткен. Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша, бүгінде Қазақстанда 9 467 әйел бедеулік бойынша есепте тұр. Кейінгі жылдары ЭКО-ға 900-1 000 квота бөлініп келген болса, президент Жолдауына сәйкес, «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында квота саны енді жүзге емес, мың бірлікке еселеніп отыр.

“Бүгінде елімізде 26 экстракорпоралды ұрықтандыру орталығы жұмыс істеп жатыр. Оның 21-і – жекеменшік мекеме. Қазақстанда қазірге дейін экстракорпоралды ұрықтандыру әдісі арқылы 22 мыңнан астам сәби дүниеге келген”. Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілінің мәліметі.

 

Ал, осы мәселе бойынша Шымкенттегі жағдай қалай?

 

Қаланың штаттан тыс репродуктологы, қалалық перинаталды орталықтың бөлім меңгерушісі, Г.Рысқұлбекова «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысушы жұптардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар екенін айтады.  Бұл шымкенттіктер Шымкенттегі репродуктивтік орталықтарды таңдап отыр деген сөз.

— Шымкент қаласы бойынша тізімде 556 әйел тұр. Кезектері келгенде экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламасымен жұмыс істейтін 3 орталықтың біріне жолдама береміз. Өткен жылы кезекте 586 әйел тұрған. Бөлінген 403 квота толықтай игерілді. 105 әйел жүктілік бойынша есепке алынды. Қазірге дейін 25 әйел сәбилі болды. Араларында 16 егіз, 2 үшем бар. Биылғы жылға бөлінген квотаның 98-і кезекте тұрған жұптарға берілді, алғашқы 3-еуі оң нәтиже көрсетіп отыр. Бізді емделушілердің жергілікті орталықтарды таңдағаны қуантады.  Шымкенттегі медицина қызметі бәсекеге қабілетті, -дейді репродуктолог.

                                      Б.Жақсылық