ЗАҢСЫЗ САЛЫНЫП ЖАТҚАН 98 НЫСАН АНЫҚТАЛДЫ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қаласында жаңадан салынып жатқан 259 нысанында құрылыс талаптарына сай келмейтін 629 кемшілік анықталған. Бұл туралы Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Нұрдәулет Құрбанбекұлы мәлімдеді. Кемшіліктердің дені бетонды құю кезінде тығыздықтың сақталмауы, арматура қаңқалардың арақашықтығы, оларды бір-бірімен дұрыс байланыспауы секілді шалағайлықтар.
– Жалпы қала аумағында 983 құрылыс нысанында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Оның ішіндегі 794 құрылыс объектісінде құрылыс процесіне қойылатын негізгі талаптар толық орындалған. Ал қалған 189 құрылыс объектісінде құрылыс процесіне қойылатын негізгі талаптар орындалмай отыр. Оларда атқарушы техникалық құжаттары жоқ,-деді Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Нұрдәулет Құрбанбекұлы.
Сондай-ақ, Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы мамандары құрылыс сапасына қатысты 70 құрылыс объектісіндегі жағдайға тексеріс жүргізіп, анықталған кемшіліктерге байланысты 93 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған. Нысан құрылысына жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шаһарда жаңадан бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарының арасында заңсыз соғылып жатқандары да кездеседі. Бүгінгі таңға дейін заңсыз құрылысқа қатысты 13 нысан бойынша сот шешімі шыққан. Оның ішінде сегіз құрылыс нысаны мәжбүрлі түрде бұзылды. Өйткені, олардың ешбірі мемлекеттік сәулет-құрылыс сараптамасынан өтпеген. Қалған бес нысандарды мәжбүрлеп бұзу бойынша Шымкент қаласының Әділет департаментінің атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі бөлімінде қаралуда. Қазіргі таңда заңсыз құрылыстарды анықтау және алдын алудың екінші кезеңінде аудан әкімдіктерімен бірлесіп қала аумағын аралау барысында қосымша тоқсан сегіз құрылыс нысаны анықталды.
Сонымен қатар, заңсыз құрылыстарды анықтау және алдын алу жұмыстарын оңтайландыру бойынша қолданыстағы Заң талаптарын бұзғандарды, қала аумағындағы заңсыз және техникалық атқарушы құжаттарсыз салынып жатқан құрылыс нысандарын оңтайлы анықтау мақсатында белгiленген тәртiппен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарламалар «Өңірлік геоақпараттық жүйесі» (ГЕОПортал) мен elicense.kz электрондық порталын интеграциялау арқылы тұрақты енгізілуде. Және «Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес, толтырылған әкімшілік хаттамалардыңда тұрақты енгізілуі бойынша жұмыстар жүргізілуде.