Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Бұл мәселеге биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айырықша тоқталды.
«Қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды.Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын.Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шараларды қолдануы керек»-деді Президент.
Жалпы әлемнің көптеген елінде әйел мен ер азамат тең құқылы. Алайда мұндай қағида кейбір елдердің тіпті кейбір өңірлердің менталитетіне сай келе бермейтіні анық. Салдары көп жағдайда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әкеледі. Шымкент қаласы Қаратау ауданында өткен жиында осы мәселе жан-жақты талқыланды. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы отбасылық құндылықтардың ролі» тақырыбындағы жиынды өткізуге ұйытқы болған аудан әкімдігі. Басқосуға әйелдер кеңесінің жетекшілері, прокуратура, сот, полиция департаменті өкілдері арнайы келді.
Жиынға қатысушылардың пікірінше бүгінде отбасылық кикілжіңнің басты себептері әке мен ана ролінің төмендігіне келіп саяды.
– Бала тәрбиесінің жүйеленбеуі, ересектерді жұмыссыздығы, оның салдарынан спиртті ішімдікке тәуелділік осының барлығы отбасыда зорлық-зомбылық, әлімжеттіктің күшеюіне әкеп соқтырады. Сондықтан аталған мәселелердің алдын алу мақсатында тиімді жұмыстар жүргізуді күшейту өзекті болып табылады,-дейді Қаратау ауданы аналар кеңесінің төрайымы Зүлфия Бекмырзаева
Шымкент қаласында отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға «Көмек» оңалту орталығы мен медициналық-психологиялық оңалту және әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу орталықтары ашылған. Жобаның мақсаты – отбасындағы жанжалдарға тосқауыл қойып, шаңырақ ынтымағын сақтау. Орталықтарда зәбір көріп, зорлық-зомбылық тауқыметін тартқандар, кереғар діни ағымдардан зардап шеккендерге психологиялық қолдау көрсетіледі.
Семинар барысында жалпы отбасылық құндылықтар, мәселелермен күресуде салалық мекемелер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар, әйелдер көшбасшылығы, мектептегі медиация, жас отбасыларды қолдау секілді мәселелер талқыланды. Осы семинар аудан аумағына қарасты мектептердің басшыларымен арнайы әдістемелік тренингке жалғасатын болады.