ИМПОРТҚА ТӘУЕЛДІКТІ АЗАЙТУ ҮШІН 10-НАН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі артты. Биыл  8 айдың ішінде   122,1 млн АҚШ доллары болатын ауыл шаруашылығы өнімі шетке саудаланған.  Өнімнің 40% Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне, 60% өзге шет мемлекеттерге экспортталған. Оның ішінде ұн, өсімдік майы, макарон, қауын-қарбыз, қырыққабат, пияз, қызанақ, шұжық пен ет және жүн бар.

Импортқа тәуелділікті азайту бағытындағы жұмыстар әрі қарай да жалғасын табуда. Сол арқылы мегаполисте жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу көзделген. Шаһарда кезекті рет өткізілген инвесторлар жиынында тағы 12 жобаның таныстырылымы болды.

Олардың бірі «Амина Интекс» ЖШС «Бозарық» агро-индустриалды аймақтан  мал азығы өндірісін ашуды көздеп отыр.  Құрылысына 1 миллиард теңге жұмсалатын  жоба жүзеге асса  жылына 1200 тонна өнім шығармақ.  Өндірісті 2023 жылы іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде 200 адам жұмыспен қамтылады.

Кеңес  қарауына «SAN GRAND» ЖШС-і де бірнеше жоба ұсынып отыр.  Оның біріншісі 13 миллиард  теңгеге  жөргек шығаратын ірі кәсіпорын ашу, ал екіншісі  9,3 миллиард теңге инвестицияға   шыны талшықты терезе профильдерін өндіретін өндіріс желісін іске қосу. Аталған жобалар арқылы жұмыссыз жүрген 300-ге жуық азамат тұрақты жұмыс табатын болады.

Шымкент қаласында биофармацевтикалық зауыт салу ісі де қарастырылып жатыр.   Жылына 500 000 мың доза вакцина шығаратын қуатты өндіріс ошағын инвестор «Тассай» индустриалды аймағынан салуды жоспарлауда. Кәсіпорын 2023-2024 жылдары салынып, сәтті жүзеге асса 35 азамат жұмыспен қамтылатын болады. Инвестор бұл үшін электр жарығымен, газбен, ауыз су, ағынды су, телефониямен қамтуды сұрады.

Штаб отырысында бұдан басқа аяқ киім, картон қораптарын шығаратын, денсаулық саласына қажетті препараттарды өндіретін, тұрғын үй және коттедж салатын, тағы да басқа ірі 10-нан астам жобалар қаралды. Кеңесте инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін  қолдаулар мен жеңілдіктер жайы айтылды.

Сондай-ақ, алдағы жылдары Шымкент қаласына 35 елден 310 компанияны көшіру немесе өкілдіктерін ашу жайы қарастырылуда. Бүгінгі таңда АҚШ-тың медициналық жабдық өндіретін «GE Healthcare» компаниясымен, тұрмыстық-техникалық жабдықтар өндірісінің көшбасшысы «Haier» компаниясымен, италияндық «Maire Tecnimont», жапондық «RP Canon Medical Systems» сынды 8 алып компанияны Шымкентке тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде.