ИМПОРТҚА ТӘУЕЛДІЛІКТЕН АРЫЛАТЫН КҮН АЛЫС ЕМЕС

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында тағы бір индустриалды аймақ  іске қосылады. «Бозарық» деп аталатын өндірістік алаңда негізінен тамақ өнеркәсібі және ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындар салынады.   Мұнда  23 миллиард теңге болатын 21 жоба жүзеге асқалы отыр.  Нәтижесінде 1 мың 500 адам тұрақты жұмысқа орналасады.  Индустриалды аймақтың жалпы аумағы 133 гектар. Қазір мұнда инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүруде. Ауыз су жүйесі мен электр желісі тартылуда.  Бұл жұмыстар келер жылы толық аяқталатын болады.

Қала әкімінің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында бірқатар тың әрі жаңа инвестициялық жобалар ұсынылып, талқыланды. Аймақ экономикасына ерекше серпін әкеледі деген жобалардың ішінде  «Агрополимер» ЖШС-нің  полипропилен жібін шығару өндірісі бар.  Кәсіпорын  2023-2024 жылдары іске қосылады. Оны салу үшін   1,94 миллиард теңге инвестиция құйылмақ.  41 адам жұмыспен қамтылады. Штаб отырысында кәсіпорынның тиімділігі сараланып, жоба бірауыздан мақұлданды.

Сондай-ақ болашақта Шымкентте сутегі асқын тотығы да  өндірілетін болады.  «Нydrogen energy» ЖШС-і осындай технологияға негізделген өндіріс ошағын салу үшін 4 миллиард теңге ақша жұмсамақ. Кәсіпорын 2024 жылы іске қосылады. 30 жұмыс орны ашылады.  Жылына 8 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы.

Монтаж көбігін өндіретін кәсіпорын  да ел экономикасының импорттық тауарларға тәуелділігін азайтатын жобалардың бірінен саналып отыр.  «Вerper group» өндіріс орны жылына 30 мың банкі шығару мүмкіндігіне ие. Кәсіпорын құрылысы биыл басталады.

Ал минералды тыңайтқыштар мен агрохимикаттар өндіретін жаңа жобаны жүзеге асыру үшін  450 миллион  теңге инвестиция құйылмақ.  «Ана Жер» ғылыми-өндірістік бірлестігі құрылыс жұмыстарын кезең кезеңімен 2022-2025 жылдарға жобалап отыр. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы  300 мың литр. Оны жүзеге асыру үшін «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 1 гектар жер берілді.

Мегаполисте экономиканың қуатын арттыратын әрі импортқа тәуелділігін азайтуға септігін тигізетін осындай бірегей жобаларды жүзеге асыруға айырықша мән беріліп отыр.   Және олардың бюрократиялық кедергілерге тап келмеуі қатаң бақылауға алынған.