ИНВЕСТИЦИЯ 20 ПАЙЫЗҒА АРТТЫ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қаласы экономикасына биыл 327,9 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артты. Бұл туралы кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков айтты. Сондай-ақ шағын және орта бизнес саласында да қарқынды дамып келеді. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны 101 мыңға жеткен. Ол өткен жылы бұл көрсеткіштен 39 пайызға кем еді. Ал, бөлшек сауда көлемі 417,9 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 11,5 пайызға артқан.
– Жалпы 2022-2025 жылдар аралығында 622 млрд. теңгеге 8,3 мың жұмыс орнын құрумен 66 жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде, 2022 жылы 51,4 миллиард теңгеге 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрумен 14 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Бүгінгі таңға жалпы құны 29,2 миллиард теңгені құрайтын 520 жаңа жұмыс орны бар 6 инвестициялық жоба іске асырылды. Сондай-ақ, 2022-2026 жылдар аралығына жалпы құны 2,6 триллион теңге болатын 283 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Нәтижесінде 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оның ішінде, биылғы жылдың соңына дейін 173,1 миллиард теңгеге 50 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған,-деді Береке Дүйсебеков.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырған 8,1 пайызға өсіп отыр. Бұл саладағы көрсеткіш 590,4 миллиард теңгеге жеткен. Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіретін кәсіпорындар есепті кезеңде 43,5 мың тоннаны шығарды, бұл жылдық жоспардың 87 пайызын құрайды. Негізгі капиталға инвестицияларының 2019 жылдың сәйкес деңгейіне қарағанда өсім 226,8 пайызды құрайды. Ал «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шағару бойынша жаңа өндірістер саны» көрсеткішін орындау мақсатында жыл соңына дейін 2 жобаны іске қосу жоспарланған. Экономикадағы орта кәсіпкерліктің үлесі ағымдағы жылдың 6 айында 8,0 % құраған. Бұл индикатор бойынша статистикалық деректер тоқсан сайын жарияланады, бір тоқсан кешігіп жүреді. 2022 жылдың қаңтар-наурыз айларындағы көрсеткіш – 7,2% құрады. Ағымдағы жылғы 9 айдың қорытындысында бұл көрсеткіш 8,0% құрайды деп күтілуде.
Қазіргі таңда жалпы аумағы 749 гектар аумаққа «Жұлдыз» индустриялық аймағын құру, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын қосымша кеңейту, «Бозарық» агро-индустриялық аймағын құру және Көлік-логистикалық аймағын қосымша 136 гектарға кеңейту жұмыстары жүргізілуде.