ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласы аумағынан да бір индустриалды аймақ ашылып, іске қосылмақ. Ол Абай ауданы аумағындағы бұрынғы қорғасын зауытының орнында жасақталатын болады.  «Стандарт» деп аталатын индустриалды аймақтың жалпы көлемі 118 гектар.  

– Мемлекет басшысы Жолдауда 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтуді тапсырды. Осыған орай «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынуда. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады. Индустриялық аймақта 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың шаршы метр қойма алаңдарын салу жоспарланған. Жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба аяқталған кезде 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылады, – дейді Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов.

Аймақ басшысы, сондай-ақ, инфрақұрылым желілерін дамыту жұмыстарының барысына да тоқталды. Бүгінгі таңда Абай ауданындағы 34 елді мекеннің тек біреуі ғана сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмей отыр. Жалпы бұл мәселеге қатысты құрылыс жұмыстары соңғы екі жылдан бері қарқынды жүргізіліп келеді. 2020 жылы ауыз суға қазынадан 1,9 миллиард теңге бөлініп, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Нұршуақ, Батыс, Тәуелсіздікке 20 жыл, Ынтымақ-2, Ақтас-2 елді мекендері ауыз су жүйесі тартылды.  Ал,былтыр тағы 9 елді мекенге ауыз су берілді. Оған қазынадан 6,9 миллиард теңге жұмсалды. Биыл ауыз су құрылысына  5,2 миллиард теңге бөлініп, Құрсай елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс биыл жыл соңында аяқталып, елді мекен сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

– Абай ауданының 8 елді мекені орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылған. Бұл елді мекендерде 116 мыңға жуық адам немесе аудан халқының 36 пайызы өмір сүреді.  2020-2022 жылдары аралығында 1 нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, 3 елді мекенде кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Қалған елді мекендерді қамту мақсатында 2022-2025 жылдары аралығында Абай ауданы аумағында 2 кәріз тазалау имараты (КОС) салыну жоспарлануда. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін Абай ауданы 59 пайызы орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылады деп күтілуде, – деді аудан әкімі.

Абай ауданында халықты сапалы электр қуатымен қамту көрсеткіші де жоғарылып келеді. Бүгінгі таңда 34 елді мекеннің 31-і мемлекет тарапынан жүргізілген электр жарығын пайдаланады.  Қалған 3 елді мекен  жеке меншік транформаторлардан қуат алып отыр.  Нұршуақ, Батыс, Жаңаталап деп аталатын бұл елді мекенге биыл сапалы электр желісі тартылуда.  Осылайша жыл соңында аудан аумағы 100 пайыз электр жарығымен қамтылатын болады.