ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласындағы  «Нұртас» шағын ауданында инженерлік инфрақұрылым жағдайы жақсарып келеді. Бүгінде елді мекенге сапалы электр қуатының желісі, табиғи газ жүйесі тартылуда. Сондай-ақ, шағын ауданның жаңа құрылыс аумағын таза ауыз су жүйесімен қамту мақсатында су жинақтау  мұнарасы салынуда.

Шымкент қаласындағы 8 шағын ауданда әлі күнге электр қуаты нашар. Желілер тозған. Трансформаторлардың қуаттылығы төмен. «Нұртас» шағын ауданы осы аймақтардың қатарында.  Бұл қиындықты шешу үшін, өткен жылы шағын ауданда электр желілерінің  құрылысы басталған болатын. Жоспарлы іс биылғы жылдың соңына дейін аяқталмақ. Нәтижесінде, осындағы 653 тұрғын үй сапалы электр жарығымен қамтылатын болады. Құрылыс жұмыстарын мердігер компания «Алтын констракшен» ЖШС-і жүргізіп жатыр.

Шағын ауданның жаңа құрылыс аумағын толықтай таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, су жинақтау мұнарасының құрылысы да қатар жүргізілуде. Қазіргі таңда сыйымдылығы 1000 текше метр болатын  су жиналатын екі орынның құрылысы толық аяқталды. Енді олардың сыртқы және ішкі қабатына гидроизоляциялық қорғаныш  қабаттары жапсырылуда. Сондай-ақ, екінші кезекті сорғы  станциясының құрылысы мен 1800 метрден су тартуға арналған қуаттылығы 10 кВт жер асты кабелі тартылуда. Құрылысы  «Корпорация Алем – құрылыс» ЖШС-і жүргізуде.

Биылғы жылдың шілде айында басталған құрылыс жұмыстары осы жылдың аяғына дейін тәмәмдалмақ. Нәтижесінде 10 мыңнан астам тұрғын таза суға қол жеткізеді деп күтілуде. Айта кетейік, «Нұртасқа» өткен жылы таза ауыз су  жүйесі тартылып, қосылған болатын. Сонымен қатар, елді мекенге табиғи газ құбыры да тартылуда. Бүгінде жұмыстың 85 пайызы аяқталған. Бұйыртса, биыл іске қосылмақ. Ал, кәріз жүйесі келесі жылдың еншісіне қалдырылып отыр.

Сондай-ақ Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты Көкбұлақ елді мекенін инфрақұрылым жүйелерімен қамту жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр.  Тұрғын алабының аумағына  былтыр тұтастай  оптика желісі тартылып, интернет байланысы орнады.

Сондай-ақ мұндағы тұрғындар 2021 жылы ауыз сумен және электр жарғымен  100 пайыз қамтылды. Ал биылғы  жылдың үшінші тоқсанынының соңында аймақ тұрғындарының барлығы көгілдір отынның игілігін көретін болады. Бүгінгі таңға межеленген  құрылыс жұмыстарының  90% атқарылған.

Көкбұлақ елді мекенінде 2 мың 390 адам тіршілік етеді. Қазір тұрғын алабтағы  9 көшенің бесеуіне тас төселсе, төртеуі асфальтталды.  Жалпы былтыр 6 шақырымға шағал тас төселген.