«КЕЗДЕСУГЕ ҚАДАМ» ФЕСТИВАЛІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында ерекше қажеттілігі бар балғындар үшін балалар жылында үлкен тарту жасалды.   Көрме орталығында ерекше қажеттілігі бар балалар мен жасөспірімдерді қолдау мақсатында «Кездесуге қадам» күзгі шығармашылық фестивалі өткізілді. Іс-шарада балалармен қоса  қолөнер шеберлері мен өнер колледждерінің студенттері де өз бұйымдарын қайырымдылық мақсатында сатылымға шығарды. Одан түскен қаржы ерекше балалардың қажеттілігіне, еміне жұмсалмақ. Фестивальге Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып,  ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

 — Ерекше жандардың қолынан шыққан туындыларды көріп,  ерекше әсер алдым.«Балалар жылында»  айтулы шығармашылық фестиваль ұйымдастырылып отырғанына қуаныштымын. Шығармашылық пен ізденіс балалардың дүниетанымын жан-жақты дамытуда үлкен рөл атқарады.«Кездесуге қадам» жасап, ұйымдастырып отырған қоғамдық ұйымдарға, атсалысқан білім ұйымдарына, ата-аналарға алғыс білдіремін. Шымкент қаласының әкімдігі әрдайым Сіздердің бастамаларыңызды қолдайды, – деді Шыңғыс Мұқан.

Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен және «ARMAN ALANI» Қазақстан коалициясының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға  Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты арнайы ұйымдар,  кәсіптік колледждер мен инклюзивті сыныптар қатысты. Әбілхан Қастеев атындағы өнер колледжі мен Шымкент қалалық жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің студенттер өздерінің қолөнер бұйымдарын қайырымдылық көрмесіне қойып, ерекше балалар үшін шеберлік сағатын жүргізді. Олар сыршырай жанрында қылқаламмен сурет бояса, енді бірі ермексазбен түрлі ертегі кейіпкерлерінің мүсінін жасады. Сонымен бірге оқушылар сарайы мен саз колледжінің  студенттері де күйі шертіп,  сазды әуенмен тамаша көңіл күй сыйлады. Мұнан бөлек танымал киім дизайнерлері ұлттық киімдер мен салтанатты киімдердің дефилесін өткізді.

— Фестиваль Шымкент қаласы әкімдігінің, Азаматтық Альянс,  Шымкент қалалық іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен  ұйымдастырылды. «АРДА»,  «JanBota», «Рахмет саған, Анашым»,  « I am Bala», «Bambini» оңалту орталықтарынан 150-ден астам бала келді. Алдағы уақытта бұл фестиваль жыл сайвн дәстүрлі түрде өткізетін боламыз. Қолөнер шеберлері мен колледж студенттері өз бұйымдарын қайырымдылық мақсатында сатылымға шығарды.Одан түскен қаржы ерекше балалардың қажеттілігіне, еміне жұмсалмақ,- деді А.Қарабеков атындағы оңалту орталығының директоры Ф.Бакибаева.

Жалпы Шымкент қаласында 143 мектепте ерекше қажеттілігі бар балалар үшін арнайы жағдай жасалған. Шаһардағы  88 жалпы білім беретін мектепте 829 бала инклюзивті білім алса,  9 мектепте ашылған 59 арнайы сыныпта 471 оқушы оқиды.  Сондай-ақ,  Шымкентте 5 арнайы мектеп-интернат жұмыс істейді.