КЕЛЕСТІКТЕР ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТУДЕ ТОЛАЙЫМ ІСТЕР АТҚАРУДА
-
Түркістан облысы, Келес ауданы
Күн санап түрленіп келе жатқан Түркістан қаласында “Сәлем саған, Түркістан!” өнер фестивалі басталды. Бір аптаға созылатын фестиваль аясында көптеген мерекелік шаралар өткізу жоспарланған. Аталған шараға Келес ауданының өнерпаздары да қатысып, өнер көрсететін болады.
Сондай-ақ, мерекелік апталықта ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі мен облыстық “Жанубий Қозоғистон” қоғамдық-саяси газетінің мерейтойына арналып, “Этноауыл” кешенінде аудандар арасындағы облыстық тағам байқауы өтеді. Аталған байқауларға қазірден бастап дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгін Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев облыс орталығы Түркістан қаласына іс сапармен барып, аудан тарапынан атқарылып жатқан бірқатар жұмыстардың барысын пысықтады.
Аудан басшысы сонымен қатар Түркістан шаһарын көркейтуге байланысты жұмыстарды да көріп шықты. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен Түркістан қаласының аумағын көгалдандыру мақсатында 32 секторға бөлініп, аудан, қала әкімдіктері мен басқармаларға берілген. Соның ішіндегі 16-сектор Келес ауданына тиесілі.
Бүгінгі таңға дейін Келес ауданы азаматтарының күшімен тарихи шаһар аумағына 8 мың 800 түп ағаш отырғызылды. Жасыл желектердің түбін бойлай тамшылатып суару жүйесі тартылды. Көркейту, көгалдандыру жұмыстарына 2 техника, 45 адам жұмылдырылған. Мұнан бөлек аймақты суландыру үшін 4 жерасты ұңғымасы қазылып, 2 трансформатор орнатылды.