КЕЛЕСТІК ДИҚАНДАРДЫҢ ӨНІМДЕРІ АЛМАТЫНЫҢ САУДА ҮЙЛЕРІНДЕ САУДАЛАНАДЫ
-
Түркістан облысы, Келес ауданы
Бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов Түркістан облысы Келес ауданы шаруаларымен кездесіп, олардың өндірген өнімін Алматы қаласының базарларында саудалауға байланысты келіссөз жүргізді. Екі жақты байланыс орнату үшін аймаққа Алматы қаласы ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Дамир Тазабек, СПК Алматы кәсіпорнының директоры Азиз Турғанов, «Магнум», «Той Маркет», «SMALL» сауда үйлерінің өкілдері арнайы келді.
Кездесу барысында сауда үйлерінің өкілдері өз өнімдерін ірі мегаполисте саудалауға ниетті шарулардың тізімін алып, келешекте әр шаруа қожалығымен заңды келісімшартқа отыру бойынша жұмыстар жүргізілетінін айтты.
Аталған кездесуге Келес ауданы әкімінің орынбасары Абай Жаңбырбаев қатысып, аграрлық салаға күн райы аса қолайлы Келес өңірінің ауыл шаруашылығы өнімдері еліміздің және ТМД елдеріне экспортталып жатқанын, бұл кездесу диқандарымыздың еңбегіне құлшыныс беретінін жеткізді.
Жалпы биылғы жылдың тоғыз айында аймақта 44,1 миллиард теңгенің ауылшаруашлығы өнімі өндірілген. Егіс көлемі 24,5 мың гектарға кеңейтіліп, 187 гектарға артқан. Соның нәтижесінде бүгінгі таңға 443,4 мың тоннаның көкөнісі, картоп және бақша дақылдары өндіріліп отыр. Бұл көрсеткіш Келес ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін еселей түсті.