КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ

  • Түркістан облысы, Келес ауданы
blog-single-image

Бүгін Түркістан облысы Келес ауданында жаңа мешіттің құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді. Сатыбалды Иманбердіұлы есімі берілген имандылық үйінің ашылуына еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркістан облысының бас имамы Еркебұлан Қарақұлов, Келес ауданының бас имамы Айдарәлі Садықов, ауданның ардақты ақсақалдары және мешітті салдырған Сатыбалды әулеті қатысты.

Салтанатты түрде ашылған мешітте әруақтарға Құран бағышталып, ақсақалдар батасын берді. Өткен жылы құрылысы басталған нысанның жалпы аумағы 1 гектардан асады. Ал мешіт ғимаратының аумағы 1 мың 451 шаршы метр. Шығыс сәулет өнеріне сай тұрғызылған мешітте намаз уақтысында 2 мыңнан астам азамат сәждеге бас қойып, Жаратушыға мінәжат ете алады.

Жалпы еліміз Тәуелсіздік алған жылдар ішінде өңірімізде дін саласында да үлкен жұмыстар атқарылды. Жаңадан мешіттер тұрғызылып, Ислам дінін оқытатын мамандар даярланды. Бұл жұмыстар әлі де өз жалғасын табуда.

Абай ауылы орталығынан бой көтерген жаңа мешіт сәулеттік жағынан қайталанбас орын болумен қатар, жұртты имандылық пен адамилық қасиеттерге үндейтін тәрбие мен рухани орталық болмақ.