«КҮМІС ЖАС» – ҚАМСЫЗ ҚАРТТЫҚ КЕПІЛІ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Жұмыссыздық қай қоғамның да, өркениет пен дамудың қандай деңгейіндегі мемлекеттердің де басты проблемасы. Оның ішінде әсіресе жасы ұлғайған азаматтарды еңбекпен қамту қиын. Осы күрделі мәселені шешу үшін елімізде тағы бір тың жоба жүзеге асуда. Шымкент қаласы  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Балмаржан Нарбековамен жаңа бағдарламаның барысы туралы сұхбаттасқан едік.

 

Балмаржан Полатқызы, жаңа жоба қалай аталады? Ол кімдерге арналған? Оның артықшылықтары туралы айтып берсеңіз?

– Халықты жұмыспен қамту бағытындағы биылғы жаңалықтың бірі – «Күміс жас» жобасы. Өздеріңіз де білесіздер, көптеген  жұмыс беруші жасы келген азаматтарды жұмысқа ала бермейді. «Күміс жоба» – осы келеңсіздікпен күресу үшін қолға алынған жоба. Ол зейнеткерлік жастың алдындағы азаматтарды еңбекпен қамту, жұмысқа орналастыру мақсатында әзірленді. Нақтылап айтқанда  айтқанда, азаматтар бұл бағдарламаға зейнет демалысына шығуға екі жыл қалғанда қатыса алады.

Оған қатысу талаптарын нақтылап, түсіндіріп өтсеңіз?

– Азаматтардың жобаға қатысу мерзімі 1 жылдан аспайды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталған соң, жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті. Аты айтып тұрғандай оған зейнет жасына дейінгі жұмыссыз азаматтар қатысады. «Күміс жас” жобасына қатысушылардың жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Егер де айлығы 200 мың болған жағдайда 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді. Тағы бір айта кететін жәйт, бағдарлама қатысушыларына экологиялық үстемеақы бойынша төлемдер берілмейді.

– Оған қалай өтініш береді?

– Жобаға қатысу үшін өтініш, қатысушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, еңбек кітапшасы (бар болған жағдайда) және дипломы қажет. Осы орайда айта кетейін, ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 450 мың 407 жұмыссыз бар. Оның 83 мыңға жуығы 45-54 жас аралығындағы азаматтар. Ал жасы 55-тен асқан 65 мыңнан астам адам жұмыс таба алмай жүр.

– Иә, шынында жасы егде тартқан азаматтар үшін өте қолайлы бағдарлама екен. Әңгімеңізге рақмет!