КӘСІПКЕРЛІККЕ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Енді кәсіпкерлікпен айналысамын деген жастардың бастамаларына мемлекет барынша қолдау көрсететін болады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бүгінгі Президент Жолдауын мұқият тыңдаған Шымкент қаласының белсенді азаматтары қоғамда болатын бірқатар өзгерістерді қуана құптады. Жолдауды тыңдауға қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті билік өкілдері мен бұқаралы қапарат құралдары қатысты.
Жолдауда елімізде шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейтіні айтылды. Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге қаржы экономикаға еш пайдасын әкелмей босқа жатыр. Президент мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуын шектеп, азаматтарды кәсіпкерлікке ынталындыруды тапсырды. Сондай-ақ енді еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға да қолдау болады. Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, кәсіпкер Рәшкүл Оспаналиева:
– Ауыл шарушалығы үшін берілетін субсидия бұрын дұрыс қадағалбайтын. Президент мемлекет қаржысын оңды-солды шашып, ысырап етпеу үшін субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек деді. Үкіметке агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бұл менімше саланың дұрыс бағытта дамуына жол ашады,-дейді.
Тағы бір оңды өзгеріс, игерілмей жатқан немесе кезінде заңсыз берілген 5 миллион гектар жер жыл соңына дейін мемлекет меншігіне қайтарылады. Тағы осыншама көлемдегі жер әлі күнге бос жатыр. Үкімет пен әкімдіктерге оған қатысты шешім қабылдап, әрекет ету міндеті жүктелді.
Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы шашыраңқы мәліметтер енді цифрлық платформаға жинақталады. Осылайша, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істейтын болады.