КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОРҒАУДЫҢ ЭКОЖҮЙЕСІ ҚҰРЫЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

«Несие ресурстарының тапшылығы отандық бизнес үшін үлкен проблема болып отыр. Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді. Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге қаржы іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатыр». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында кәсіпкерлікті жүйелі қолдауға байланысты осындай келеңсіздіктерді қатаң сынға алып, ұлттық банк, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі үкіметпен бірлесіп, нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді несиемен қамтамасыз ететін нақты шешімдер қабылдауда тапсырды. Оларға  қазіргі ахуалдың өте күрделі екенін ескере отырып, барынша икемді қимылдауға, тіпті тапқырлық танытуды жүктеді.

Осыған орай, Шымкент қаласында жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылып, бизнес қауымдастық өкілдерінің кездесуі  ұйымдастырылды. Қалалық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен  өткен жиынға  «Атамекен» ҰКП Басқарма басшылары, құқық қорғау органы қызметкерлері, салалық құрылым басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.

Жиын барысында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту, қала құрылысында кездесетін проблемалар, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардағы жер учаскелерін қосалқы жалдау жолдары мен жанар-жағармайға дифференциациялық бағаның бекітілуіне байланысты туындаған салықт есептілігі секілді көптеген мәселелер айтылды. Іскер азаматтар өздерін әсіресе  жеңілдетілген несие алу мен басқа да қаржылық қолдау мәселелері жиі мазалайтынын айтты. Кейбір кәсіпкерлер жұмыс істеп тұрған өндірісі бола тұра екінші деңгейлі банктен несие алуда кедергіге тап болатындарын жеткізді.

Кәсіпкерлердің талап тілегін тыңдаған құзырлы орган басшылары  кездесу барысында оның шешілу жолдарына да тоқталды. Осы мақсатта енді  Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан кәсіпкерлікті қорғаудың экожүйесі құру ісі қолға алынбақ. Осы жүйенің аясында кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын бұзу фактілерін және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру кезінде қажетсіз әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған біршама ұсыныстар әзірленбек.

Аймақтар арасында өзіндік даму бағытына ие Шымкент қаласы экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі драйвері – кәсіпкерлік саласы болып саналады. Өйткені қаладағы жалпы өңірлік өнімнің үштен бір бөлігін шағын және орта бизнес өкілдері өндіреді. Бүгінгі таңда шаһарда  95 мыңнан астам белсенді кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. 180 мыңнан астам азамат  жұмыспен қамтылып отыр. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент республикамыздағы аймақтар арасында 4 орынға ие.