Еліміздегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылы 50 пайызға жеткізу керек. Осындай меже бар. Шымкент қаласында кәсіпкерліктің үлесі 30 пайыздан асады. Осы жұмысты ілгерілету үшін биыл мегополисте «Іскер Қала» атты бағдарлама бекітіліп жүзеге аса бастады. Мақсат – қаладағы өндіріс саласы бойынша тоқтап тұрған бос ғимараттардың ішінде өндірістік парктер құру.
– Жобаға қатысу үшін не істеу керек?
– Егер, қандай да бір жобаңыз болса, қаладағы «Бизнеске арналған үкіметтің» фронт-офисіне бас сұғыңыз. Кәсіпкерлердің арызы алдымен өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралады. Егер жобаңыз тиімді деп табылса өндіріс орындарын жалға алу мәселесінің бір бөлігінің шығыны өтеледі.Үміткерлерге бірінші жылы – 75%, екінші жылы – 50 %, үшінші жылы – 25 % жалға алу шығындарын өтеу қарастырылған. Ал, ауыл шарушылығымен айналысатын үміткерлерге қандай жеңілдіктер бар? Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр ЖАНБАТЫРОВ жауап береді.
-«Іскер қала» бағдарламасы аясында шаруаларға қандай жеңілдіктер көзделген?
– Аталған бағдарлама бойынша 10 миллион теңгеден 50 миллион теңгеге дейін 1-2 пайызбен кәсіпкерлерге несие беру қарастырылған. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша құны 12 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны несиелендіру жоспарланып отыр.
-Нақтылай кетсеңіз?
Атап айтсақ, «ОТАН Агро» ЖШС жылыжай кешенінде құлпынай өнімін өсіреміз деп отыр, ал «Shagyr Agro Group» ЖШС жылына 5 мың тонна бройлер құс етін өндірмекші. Сонымен бірге «Ақтас» АӨК бордақылау алаңын құруды, «Agro Lux Flowers» АӨК лаванда гүлін өсіруді жоспарға қойды.
–Бизнес жоспарды қаржыландыру тетіктерін таратып айтып берсеңіз?
–Кепіл мүлкі болса, кез келген екінші деңгейлі банктер мен жекеменшік қаржы ұйымдары шаруаларға тиісті қаражатты беруге мүмкіншіліктері бар. Сондай-ақ біздің басқарма тарапынан да ауыл шаруашылығы бағытында алынған несиелердің 7-10 пайыз сыйақысы субсидия ретінде өтеледі. Ауыл шаруашылығы бағытындағы бизнес жобаларды қаржыландыру бойынша сұрақтар болса, басқармаға хабарласып жан-жақты жауап алуға болады.
–Шымкенттен қандай азық-түліктер экспортқа шығады ?
–Экспорттың негізгі көлемін көкөніс өнімдері, бидай, картоп, арпа, қара бидай ұны, күнбағыс дәні, қант, ірі қара мал, бидай қалдықтары құрайды.