МАЯТАСТА ИРРИГАЦИЯ ЖҮЙЕЛЕРІ, ТОҒЫСТА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢАРУДА
-
Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы
Шымкент қаласы Еңбекші аудан аумағына қарайтын «Маятас» тұрғын алабы жұртшылығы биыл жауын шашынды күндері көлкіген су ортасында қалудың азабынан құтылмақ. Қазіргі таңда Қ.Нысанбайұлы көшесі бойына ирригациялық науалар орнатылуда. Жалпы Еңбекші ауданы бойынша Тоғыс, Маятас, Бадам-1 тұрғын алаптары мен «Шаңырақ» шағын ауданында ұзындығы 1,6 шақырым арық қазылды. Осыдан екі ай бұрын басталған құрылыс жұмысы алдағы қазан айында аяқталады.
Жалпы, былтыр Еңбекші ауданы аумағындағы 13 мекенжайға ұзындығы 3,3 шақырым ирригациялық арықтар орнатылды. Дегенмен табиғаттың тосын мінез танытқан кезінде туындайтын қауіп-қатер әлі де сейілген жоқ. Мәселен, биыл көктемде жауын-шашын шамадан тыс көп жауып, 52 мекен жайдағы үйлердің кейібірін ауласы көлкіген су ортасында қалды. Осындай жәйттердің алдын-алу үшін биыл бірінші кезекте аса қауіпті саналатын 21 аумаққа ұзындығы 7,3 шақырым ирригациялық жүйелер салу жоспарланды. Қазірге дейін мердігер компаниялар 14 мекен жайда жалпы ұзындығы 5,3 шақырым болатын арық орнатуда. Құрылыс жұмыстары бітуге жақын. Олар: Қарабастау тұрғын алабындағы Бойыт ата, Қаратөбе тұрғын алабындағы Гулабад, Наурыз, Тоғыс тұрғын алабындағы Керуенсарай, Бадам-1 тұрғын алабындағы. Досметов, Ш.Уалиханов №190, Қызғалдақ, Теріскей №47, Сайрам №38а, Өркен, Б.Момышұлы, Саяжол көшелері. 2023-2025 жылдар аралығында тағы 31 мекен жайға ирригациялық жүйелер жүргізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, 7 мың 500 халық тұратын «Тоғыс» тұрғын алабында инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүруде. Солардың бірі – таза ауыз жүйесінің құрылысы. Аймақта тереңдігі 73 метр болатын су ұңғымасы қазылып, болат құбырлар салынуда. Нысан ауыз су тапшы болатын жаз айларында қосымша қолдану үшін қажет. Бұл өз кезегінде Тоғыс, Айнатас, Елтай елді мекеніндегі 11 мыңға жуық халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге де септігін тигізеді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде.
Жалпы, Тоғыс тұрғын алабындағы тұрғындардың 98,5 пайызы бүгінгі таңда таза ауыз су тұтынып келеді. Сондай-ақ биыл 11 абонентті жарықпен қамту үшін жаңадан бағаналар орнатылып, электр желілері тартылды. Мұнан бөлек «С.Оспанов» және «Мұнайбарлаушылар» көшесі жарықтандырылды. Соның нәтижесінде, электр жарығын тұтынушылар саны 99 пайызға жетіп отыр. Жергілікті билік мұндағы жолдардың жай-күйіне де жете көңіл бөлуде. Былтыр 2 көше орташа жөндеуден өтсе, биыл 4 көшеге асфальт төселді. Жалпы тұрғын алабында 18 көше бар.