МЕГАПОЛИСТЕ БЕСІНШІ АУДАН ҚҰРЫЛДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Аумақтық құрылымы жағынан Шымкент қаласы енді 5-ке бөлінетін болады. Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс өткен он сегізінші сессиясында жаңа ауданды құру және аудандардың шекараларын бекіту мәселесі қаралды. Сессияға  Шымкент қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Шыңғыс Мұқан, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова қатысты. Әзірге атау берілмеген бесінші ауданның аумағы 36 мың гектар, ондағы тұрғындар саны шамамен 210 мыңның төңірегінде болады. 

Жаңа әкімшілік бөлініске мегаполистегі демографиялық өсім негіз болды. Ресми статистика бойынша шаһар тұрғындарының саны жыл сайын 2,5-3 пайызға көбеюде. Оның үстіне  Шымкент республикалық маңызға ие қалалар арасында аумағының кеңдігі жағынан бірінші орынға ие.

Бүгінгі таңда Шымкент қаласының құрамында 81 елді мекен бар.  Оның 41-і шаһар құрамына кейіннен қосылған ауылдар. Сондықтан оларды дамыту кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Ең бастысы  жаңа ауданның құрылуы қаланы басқаруды жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға септігін тигізетін болады.

Осыған дейін мәслихаттың  тұрақты  комиссияларының бірлескен отырысында қаралып, жан-жақты талқыланған бұл мәселе мәслихат сессиясында бірауыздан қолдау тапты.

Шымкент қаласы Кеңес Одағы кезінде небәрі екі ауданнан  құрылған болса. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1996 жылы үш аудан болып қанатын жайды.  Ал, төртінші Қаратау  ауданы 2016-2017 жылдары  шаһар құрамына енді.  Жаңа бесінші ауданның шекарасы айқындалған  құжатқа қол қойған Шымкент қаласы әкімінің міндетін атқарушы Шыңғыс Мұқан, қаланың дәл қазіргі  өсу қарқынымен алтыншы ауданның құрылатын күні алыс емес екенін айтты.

Жаңа әкімшілік аумақтық бөлінісіке байланысты әзірге  жаңа ауданның халқы құжат ауыстыруға  асықпаса да болады. Ал, мектеп пен емхана, сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету орталықтары бұрынғы қалпында  тұрғындарға қызмет көрсете береді.