МЕГАПОЛИСТЕ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Төрткүл дүниені дүрліктірген коронавирустың тағы бір толқыны басталды. Кесел жұқтырғандар саны аздап көбейгенімен, әзірге шаһардағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты.  Бұл туралы Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Қошқарұлы айтты.  

Шымкент қаласында жыл басынан бері 7 мың 744 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Бүгінгі таңға дейін науқастардың 6 мың 991-і кеселден жазылып шыққан. Шаһарда соңғы он күнде  686 азаматтың COVID-19-ға шалдыққаны белгілі болды. Олардың ішінде 10 науқас инфекциялық ауруханада стационарлық ем қабылдауда.  Қалған 655 адам абулаториялық ем қабылдап жүр.

Індеттің қайта белең алуына байланысты дәрігерлер азаматтарды ауруға қарсы вакцина салдыруға шақыруда. Бүгінгі таңда екпе салатын 45 медициналық орын жасақталған.  Сонымен қатар, бастапқы медициналық көмек бойынша 43 емханада 76 мобилді бригада құрылды. Одан бөлек  137 мобилді бригада резервте тұр.

Жалпы, індет басталғалы  қалада 619 мың 490 азамат екпенің бірінші компонентін салдырған,  ал екінші компонент  607 мың 859 адамға егілді. Яғни коронавирусқа қарсы екпе алуы тиіс топтағы азаматтардың барлығы дерлік ауруға қарсы арнайы вакцина қабылдаған.

Шымкент қаласы тұрғындарының  қазір 354 мың 719-ы  (59%) вакцинаның үшінші дозасымен ревакцинацияланды. Жоспар бойынша  оны  596 мың  205 адам салдыруы керек. Ал төртінші дозасымен 15 мың  032 адам (94%) қайта ревакцинацияланды. Жоспар бойынша бұл топтағы екпе алатындардың саны 15 мың 928.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше коронавирусқа қарсы дәрі дәрмек қоры жеткілікті. Дәрігерлер қорғаныш киімдерімен толық қамтамасыз етілген.

Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында  науқастарға 100 төсек-орын әзірленген.  Қазіргі таңда онда  31 азамат стационарлық емделуде. Мұнан бөлек жансақтау бөлімінде тағы 15 төсек орын бар. Бөлімде 3 науқас ем алып жатыр.

Пандемия кезінде  Шымкентте өкпені жасанды жолмен желдету қондырғысын шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Мұнда тәулігіне 20-25 ИВЛ аппараты құрастырылады. Мегаполистің медициналық жабдықтарға деген  сұранысына сай зауыт былтыр  126  өкпені желдету қондрығысын, 318 реанимациялық монитор және 500-ге тарта Бобров аппаратын шығаруға тапсырыс алды. Бұл жабдықтар халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін қаланың медициналық ұйымдарына берілді.