МЕДИЦИНАЛЫҚ АКАДЕМИЯ АУРУХАНА МЕН ЕМХАНА ҚҰРЫЛЫСЫН БАСТАДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында  теңдесі жоқ медициналық емдеу кешенінің құрылысы басталды.   Президент Жолдауында айтылған тапсырмаға орай Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы 800 науқас ем алатын аурухана мен бір ауысымда 700 адамды  қабылдауға қауқарлы  диагоностикалық орталық   салуға кірісті. Құрылыстың басталуына орай ұйымдастырылған ресми шараға қала әкімі М.Әйтенов, денсаулық сақтау және кәсіпкерлік басқармасының басшылары,  «САУТС-Ойл» компаниясының президенті С.Сейітжанов, «China Machinery Engeneering Corporation» директоры Ху Джанху, университет ректорлары, профессорлар, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты.

– Президент Жолдауында басымдық бергендей, ел экономикасы мен халықтың денсаулығы арасында тікелей байланыс бар екені белгілі. Экономикалық дамудың әлемдік тәжірибесі көрсетіп отырғандай, дені сау ұлт тиімді экономиканы қалыптастырады. Ұлт саулығы өндіріс ресурсы, кез келген қоғамдық жүйенің басты байлығы болып табылады. Осы орайда, қаламызда жаңа заманауи аурухана салу халыққа медициналық көмектің сапасын арттыратындығына, төсек-орын тапшылығын қысқартуды қамтамасыз етіп, қаламыздың тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық қызметтерді алуға мүмкіндік беретіндігіне сенімдімін,-деді шаһар басшысы өз сөзінде.

Жоғары оқу орнының көпбейінді клиникасы  болашақ дәрігерлердің кәсіби блігін шыңдаумен бірге,  шаһар тұрғындарына сапалы медициналық қызмет ұсынады. Көпбейінді аурухана мен диагностикалық орталық шаһардағы жаңадан салынып жатқан «Тұран» шағын ауданында орналасады. Оның   аумағы 16 гектардан асады.  Кешенде ана мен бала орталығы, хирургия, терапия, диагностика, шұғыл медициналық  көмек көрсету секілді 34 бөлімше жұмыс істейді. Болашақта ядролық медицинаның дамуына жағдай жасалады.

         Ресми шарада Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры Мырзабек Рысбеков:

         –Университет клиникасының  ерекшелігі  кафедра меңгерушісі өз саласы бойынша бөлімді  меңгереді. Тікелей студенттерді дайындауға, профилактикалық дағдыларды жинауға, оқу сапасына тікелей әсер етеді,-деді.  

         Отүстік Қазақстан медицина академиясында қазір 8 мыңнан астам студент білім алады. Клиника құрылысы аяқталған соң олар бұрынғыдай тәжірибе жинау үшін әр ауруханаға сабылмайтын болады. Нысандар жеке инвестордың қаржатына салынбақ.  Оның құрылысын үш жылдың ішінде аяқтауды көздеп отыр. Клиника іске қосылған кезеңде 2 жарым мыңнан астам адам жұмыс істейтін болады.

         Жобаны іске асыру үшін мемлекет қаржысына аурухана құрылысына бөлінген жер учаскесіне қажетті инфрақұрылым жүйелері тартылды.  Енді құрылыс кезеңінде қажетті жолдар салу ісі басталады.