Қоңыржай, субтропикалық және тропикалық. Шымкенттік мектеп оқушылары жер шарының осы үш белдеуінде өсетін жеміс-жидекті, гүл мен ағаштарды жерсіндіріп, жетілідіру үстінде. Жаратылыстану зертханасы ретінде салынған жылыжай ішінде қазір осындай 800-ге жуық өсімдік түрі өсіп тұр. Оқушылар оларды тек күтіп-баптап қана қоймай генетика мен биотехнология, IT саласының жетістіктерін пайдаланып, ғылыми жобалар жасауға кіріскен.
Алтыншы сыныпта оқитын Дидар былтырдан бері гидропоника әдісімен гүлдің бірнеше түрін өсіруде. Өсімдік отырғызылған ыдыстар пластмасса құбырдың ішіне орналастырылған. Гүлдер құбыр ішіндегі судан нәр алады әрі бойына жылу тарайды. Су температурасын бақылап отыру үшін Дидар өзі робот құрстырып алды.
– Егер, біздің роботомыздың бетінен смайлик шығып тұрса су жақсы температурада екенін білдіреді. Ал егер де, үшбұрыш шығатын болса судың күрт түсіп кеткені. Біз роботтың көмегімен өсімдік тамырындағы ылғалдың мөлшерін ұдайы бақылап отырамыз, -дейді Дидар Қабылбай.
Пирамида пішіндес жылыжай іші үш аймаққа бөлінген. Мейілінше жылы атмосфера қалыптастырған тропикалық белдеуде цитрусты жемістер, пальма, лавр ағашы, ананас және кивидің көшетері өндірілуде.
Жылыжайда тропикалық табиғатқа бейімделген бананның екі түбі жайқалып өсіп келеді. Осыдан екі жыл бұрын егілген көшеттер жергілікті климатқа жылдам жерсінген. Бойы жылына 1 метрден астам өсетін ағаштар сәтін салса, келер жылы жем бермек.
Ал, Дариғаның екі жылдан бері өсіріп жатқан апельсині биыл жеміс берді. Ізденімпаз өрен жетекшісінің бағыт-бағдарымен цитрус ағашын өсірудің қыр-сырын әбден меңгеріп алды.
– Қопсытып тұру керек топырағын. Кейін артық жапырағын қырқып тұрамыз. Және жапырақтарына суды қажетті мөлшерде беру керек. Одан артық берсек, температураға қарсы болады,-дейді 9 сыныпта оқитын Дариға Жақсыбаева.
Жылыжайдағы субтропикалық белдеудің іші 4 пен 20 градус аралығында жылы. Мұнда анар, құрма, інжір, бадам ағаштары бүршік жарып келеді. Сондай-ақ қобдишаға егілген картоп топырақта емес, тамыры жалаң күйде сумен өсіп-өнуде.
Шымкент қаласының Асар мөлтекауданында орналасқан IT мектеп лицейінің директоры Қасым Атабаев:
– Оқушылар осы жерде құстарды, балықтарды күтіп баптау, көбейту, тұтынушыға жеткізу технологияларымен танысып жатыр. Әрі кәсіп үйренуде. Еңбекке баулудың мұндай тәсілі балалардың келешекте дұрыс мамандық таңдауына да жол ашады, -дейді.
Мектеп оқушылары зертхананың ішінде 100-ге жуық ғылыми жұмыс жасап жатыр. Оның ішінен үздік деп танылған 4 жоба республикалық байқауға жолдама алды.