Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында биыл мемлекеттік қызметтердің 97 пайызы автоматтандырылған электронды жүйеге көшеді. Көшелер мен қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылау үшін 1мың бейнекамера орнатылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның және қаланың қоғамдық кеңесінің бірлескен отырысында осы салдағы атқарылған жұмыстар зерделенді.
Ведмоствоаралық комиссияның отырысына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, қоғамдық кеңестің құрамы, депутаттық корпус пен БАҚ өкілдері, сондай-ақ Агенттіктің Қоғамдық кеңесінің мүшесі – Кәкімжан Башимов және оның әріптестері конференц-байланыс арқылы қатысты.
Жиын барысында С.Ахметжанов Агенттіктің елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асырудағы жаңа тәсілдері туралы хабарлады. Халықты толғандыратын салалардағы сыбайлас жемқорлық тудыратын жағдайларды жою мақсатында республиканың әрбір өңіріне арнайы бекітілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы туралы айтты.
– Шымкент қаласының тәуекелдер картасында білім беру, медицина, құрылыс, жер қатынастары, қаржы, полиция, әлеуметтік қорғау және т.б салалар көрсетілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бөлімшелерінің жұмыс нәтижелері енді проблемалық салалардағы азаматтар мен мемлекет үшін пайдалы әрекет коэффициенті негізінде бағаланады,-деді ол.
Сыбайластыққа тұсау салу үшін Шымкентте білім беру мекемелеріне жұмысқа тұру электронды бағдарлама арқылы жүргізілуде. Мұнан бөлек үй кезегіне жазылу, баспананы жекешендіру де автоматты жүйе арқылы атқарылады. Әлеуметтік қорғау саласындағы 33, жер қатынастарындағы 15 қызмет түрі электронды форматқа көшкен. Жемқорлыққа қарсы күреске мегаполистегі қоғамдық кеңес мүшелері де қосылды. Олар биыл әкімдікке қарасты 6 басқарманың басшылары және қызметкерлерімен кездесіп, сыбайластықты болдырмау, оның себептері мен салдары туралы жиын өткізген.
Полицияның сервистік моделінің жұмысын қайта қарау, еңбек ұжымдарының ішіндегі алымдар, ақша жинау, бизнесті сыбайлас жемқорлықтан қорғау. Жиын соңында құзырлы орындарға осындай міндеттер жүктелді. Басқосу соңында қала әкімі аппаратқа және әкімдіктің бейінді басқармаларының басшыларына хаттамалық нұсқаулар беріп, оның ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою бойынша нәтижелер болмағаны үшін жауапкершілікті бекітіп берді.