МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ ОНЛАЙН АЛЫҢЫЗ

  • Шымкент қаласы, Абай ауданы
blog-single-image

Жаздың келуімен бірге демалыс маусымы да басталды. Бұл уақытта ХҚО қызметкерлерінің де жұмысы қыза түседі.  Себебі демалысында құжаттарын реттеп алғысы келгендердің легі көп. Сондықтан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалы бірқатар анықтамаларды онлайн алу тетігін іске қосты.

Шіліңгір шілденің аптап ыстығында құжат түгендеу қарапайым жұртқа оңай емес. Тіпті, денсаулығы дімкәстар үшін үйден шығудың өзі мұң. Құжаттандыру ісін оңтайландыру үшін азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы бірқатар қызметтерді онлайн қолжетімді етті. Жеке куәлік пен паспорт рәсімдеуден басқа мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ онлайн алуға болады.

Мысалы, жаңа туылған нәрестеге туу туралы куәлік алу, тұрғылықты жері бойынша тіркеу, жылжымайтын мүлікті тіркеу, автокөлік сатып алу және тіркеу, түрлі жәрдемақылар тағайындау, тұрғын үй көмегі, студенттерді уақытша тіркеу, медициналық анықтамалар беру секілді мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан көбін egov.kz  порталы арқылы рәсімдеуген болады. Бұл қызметтер телеграм-бот, сондай-ақ Kaspi.kz және Halyk Homebank банк қосымшалары арқылы да қолжетімді.  Ол үшін смартфонға қажетті қосымша жүктеп алса жеткілікті.

– Тіпті кейбір қызметтерді алуға ЭЦҚ талап етілмейді. Бір реттік құпиясөз арқылы да ала аласыз,-дейді Шымкент қаласы Абай ауданы халыққа қызмет көрсету орталығы бөлімінің басшысы Нұрсейіт Қуатбеков.

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша 7 ХҚО және 3 мамандандырылған ХҚО бар.  Олардың әрқайсысында өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары жұмыс істейді. Мұнда клиенттер мемлекеттік қызметтерді талонынсыз, кезек күтпей-ақ ала алады. Шымкент ХҚО-лары жыл басынан бері 450 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті.