«МЕНІҢ ГҮЛДІ АУЛАМ» АТТЫ БАЙҚАУ ӨТЕДІ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қаласында биыл «Менің гүлді аулам» атты байқау бастау алды. Мегаполисте алғаш рет ұйымдастырылған шараға өтінім беру қазан айының басынан басталып, келер жылдың сәуіріне дейін жалғаспақ. Қазіргі таңда өтінім қабылдау Shymkent-visit.kz сайтында жүзеге асуда.
Байқауды ұйымдастырушылар оған тек көпқабатты тұрғын үй тұрғындары қатыса алатынын айтады. Қатысушыларға 10 критерий бойынша талаптар қойылып отыр. Оның ішіндегі ең басты талабы егілген гүлдердің 25 пайызы қызғалдақ болуы шарт дейді Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы.
– «Менің гүлді аулам» – бұл көпқабатты үй тұрғындарының өз аулаларын гүлдермен безендіруге арналған конкурс. Яғни, конкурсқа қатысушы тұрғындар ауланы көгалдандырып, гүлзарлар мен сәндік ағаштар егіп, оларды үнемі тазалап, бұталар мен ағаштарға уақытылы күтім жасап отыруы тиіс, – деді Ерлан Қыдыров.
Жалпы, қатысушылар аула тұрғындары дизайн және әрлеуде креативті тәсілдер қолданып, фестивальдің тақырыбын ашуы керек. Сондай-ақ тұрғындар өз ауласында атқарылған жұмыстар бойынша презентация жасап әлеуметтік бейнеролик дайындауы қажет. Жеңімпаздар қомақты қаржылай сыйлықпен марапатталатын болады. Байқаудың жалпы жүлде қоры 22 миллион 500 мың теңге. Байқауда бірінші орын иегерлеріне 3 миллион теңге қаржылай сыйақы табыс етілмек. Ал екінші орын алғандар 1 миллион теңге, үшінші орын иемденгендер 500 мың теңге сый алады. Айта кетерлігі, жеңімпаздар әр ауданнан бөлек-бөлек таңдалады. Яғни, Қаратау, Еңбекші, Абай, Әл-Фараби және Тұран аудандарынан үш жеңімпаздан болады.
Байқау қатысушыларына қойылатын талаптар:
- Ауланы көгалдандыру, гүлзарлар мен сәндік ағаштар егу және оларды үнемі тазалап, бұталар мен ағаштарға уақытылы күтім жасау, кесу (отырғызылған гүлдердің 25 %-ы қызғалдақ болуы қажет және қызғалдақ жанында көпжылдық гүлдер отырғызылу қажет);
- Тұрғындардың аула аумағында көгалдандыру, абаттандыру, тазалық пен тәртіп сақтау, сенбілік жасау, ауланы эстетикалық безендіру жұмыстарына белсене қатысуы;
- Құрғақ және зақым келген ағаштардың болмауы;
- Абаттандыру (аула аумағын сырлау, бояу, кіре-берістің (подъезд) жағдайына да мән беру және т.б);
- Фестивальдің жалпы тақырыбын ашу;
- Аумақта атқарылған жұмыстар бойынша презентация және әлеуметтік бейнеролик;
- Дизайнын әрлеуде креативті тәсілдер қолдану;
- Суару жүйесі мен гүлзарларға күтім жасаудың оңтайлы шешімін табу;
- Минералды тыңайтқыштарды қолдану;
- Жалпы сметалық шығыс.
Жеңімпаздарды арнайы құрылған қазылар алқасы анықтайды.