МЕРЕКЕЛІК ТАРТУЛАР

  • Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
blog-single-image

25 қазан «Республика күні» мерекесінде Шымкентте бірнеше жаңа нысандардың құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Мереке аясында  Дінмұхаммед Қонаев және Тұрар Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы жолайырық ресми түрде ашылды. Оған қала әкімі М.Әйтенов, қалалық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері арнайы қатысты.

Аталған нысанның құрылысы 2020 жылдың мамыр айында басталып, техникалық сипаттамаға сәйкес 2 жыл 8 айда пайдалануға берілді.

6 жолақты жолайырық Дінмұхаммед Қонаев даңғылы бойындағы  1030 метр жерді, Тұрар Рысқұлов көшесіндегі  684,7 метр аралыықты қамтиды.   Жолдың ені  42 метр. Жаңа жолайырықтың арқасында екі көшенің көлік өткізу мүмкіндігі тәулігіне 27 мың 775-тен 65 мың 820-ға ұлғайған.

Жаңғырған мерекеде Шымкент қаласындағы демалыс орындарының қатары тағы бір жаңа гүлзармен толықты. Нысан Қазыбек би мен Ілияс Есенберлин көшелерінің қиылысында, Ш.Қалдаяқов атындағы филармония мен А.Пушкин атындағы кітапханаға жақын маңда орналасқан. Гүлзарда орындықтар, қоқыс жәшіктері, арнайы ағаштан жасалған “pergola” (шатыр), селфи аймағы, әткеншектер, мен стилді жарықшамдар орнатылған. Тақтатастары фортепиано пернелері іспеттес төселген.

– Біз, осы жердің тұрғындары бұл жерде не болатынын бірнеше жыл күттік, коммерциялық нысан бола ма деп те қауіптеніп едік. Қала басшылығы өте ақылды шешім қабылдады. Бұл жер ескі қаланың дәл орталығы болды. Бұл маңда тұратын тұрғындар үшін ғана емес, филормонияға концертке, кітапханаға келушілер демалатын орын болғанына қуаныштымыз, – деді гүлзардың ашылу салтанатында сөз сөйлеген қала тұрғындары.

Республика күніне орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы Шымкент қаласында «Қайырымдылық керуенін»  өткізді. Екі күнге созылған шара барысында мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылығына қолдау көрсетілді.  Оның ішінде тірек-қимыл әрекеті  бұзылған және  көру, есту қабілеті нашар балалар өнердің түрлі жанрында өз қабілеттерін көрсетті.  Музыкалық аспапта ойнап, эстрада бағытында  ән айттты. Би биледі, поэзия патшалығына бойлап өлең оқыды.  Сәндік-қолданбалы өнерде жасаған бұйымдарын жұртшылыққа ұсынды. Сондай-ақ ересектер олардың робототехникадағы жетістіктеріне де куә болды.  «Қайырымдылық керуені» аясында еліміздің әр өңіренен жиылған балалар хайуанаттар бағын тамашалады, гала концертке қатысты. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар ерекшелігі бар балалардың жеке жетістіктерін дамытуға және тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді дейді.