«МОБИЛЬДІ АРБАТ 2» ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
-
Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Шымкент қаласында «Мобильді арбат» жәрмеңкесі осымен екінші рет ұйымдастырылды. Қолөнершілерді қолдау мақсатында өткізілген бұл жолғы шараға қызығушылық танытқандар қатары көп болды. Шеберлер ұсынған түрлі нақыштағы туындылар шараның көркін қыздырды.
Ұлттық мәдениет пен қазақи дәстүрдің көркі болған қолөнер саласы үшінші мегаполсите қанат жайып, қарыштап дамып келеді. Шеберлердің қолынан шыққан түрлі қазақи нақыштағы бұйымдар мен киім-кешектер жәрмеңкеге келушілердің назарына ұсынылды. Олардың өнімдерін дәріптеп, насихаттасау туристік әлеуеттің дамуына да қосар үлесі зор болмақ дейді ұйымдастырушылар.
– Негізгі концепция – бір көшені толық жауып, туристік индустриядағы қолөнершілер, кәдесый, құмыра жасау шеберлеріне, басқа да осы саладағы қызметкерлерге, кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Сондықтан «Мұз сарайы» әкімшілігімен келісе отырып, осы жерде өткіздік. Мақсатымыз бұл шараны дәстүрлі түрде өткізу арқылы оған шаһар тұрғындары мен қонақтарын көптеп тарту, сондай-ақ кәсіпкерлердің де ықыласпен келіп қатысып тұратындай іс-шараға айналдыру,-дейді «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Умаров.
«Мобильді арбат» жәрмеңкесі бұған дейін биылғы жылдың сәуір айында өткен болатын. Бұл жолғы шараға 40-қа жуық шебер өз өнімдерін алып келген. Солардың бірі сүйікті ісін кәсіпке айналдырған Зейнепкүл Ахметова. Оның қолөнермен айналысып жүргеніне 5 жыл болған. Қазақтың тақиясы мен сәукелесін, қыз жасауы мен құрақ көрпе тігіп, сапалы бұйымдар шығаруда.
Жәрмеңкені әсіресе шетелдік туристер бейілі ауып қызықтады. Клаудия Вареля Колумбияның мемлекетінің Кали қаласының тұрғыны. Қазақстанға алғаш рет келуі. Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген қадірлі қонақ қолөнершілердің бұйымдарына қызығушылық танытыпты. Тарихы бай, ежелгі шаһардың мәдениеті мен қонақжайлығына, тағамы мен ауа райына дейін тәнті болғанын айтады.
Мұз айдыны ғимаратының алаңында өткен шараға келгендер жәрмеңке аяқталысымен тегін кино да көрді. Туристік сала мамандары жәрмеңкені енді әр маусым сайын әр түрлі мекен-жайда өткізуді жоспарлап отыр. Олар қазақи нақыштағы төл туындыларды сатып алып, қолөнершілерге қолдау көрсетуге шаһар тұрғындарын да шақырады.