МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТТАР ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРГЕ ПОРТАЛ АРҚЫЛЫ ТАПСЫРЫС БЕРЕ АЛАДЫ

  • Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
blog-single-image

Шымкент қаласында тұратын мүмкіндігі шектеулі жандар енді үйлерінен шықпай-ақ  әлеуметтік қызметтерге тапсырыс бере алады. Яғни, бұл санаттағы азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс беріп, үйіне алдырта алады.   Бұл туралы бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан  Нарбекова айтты.

Биыл жыл басынан бері мегаполисте мүгедіктігі бар азаматтардың протездік-ортопедиялық құралдар алуы үшін  4 мың  921 өтініш қабылданған. Бүгінгі таңда оның  1 мың  818 құралы  сұраныс жасаған азаматтарға табысталды.  Сондай-ақ ағымдағы жылы  сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдарға 10 566 құралға өтініш қабылданса, осы айға дейін оның  9 мың  215-і мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне апарып берілді.

Портал арқылы мүгедектерге арналған қол арба құралдарына өтініш беретіндер де баршылық.   Биыл мүмкіндігі шектеулі азаматтардан 876 өтініш қабылданып, 339  қоларба иелеріне табысталды.

Қазір шаһарда  2 мың 449 азамат жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметіне мұқтаж. Бүгінде осы топтағы   2  мың 228 азаматқа қажетті қызмет көрсетілді.

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан көмекке мұқтаж жандардың демалыс орындарында тегін  тынығуына да жағдай жасалуда. Биыл осындай санаттағы 8  мың 438 азаматтан шипажай орындарына емделу үшін жолдамаға өтініштер қабылданып, оның ішінде 1мың  368 азамат емдеу сауықтыру орындарында дем алып қайтты.

Ұлы Отан соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне, 1-2-ші топтағы жүріп-тұруы қиын мүгедектерге емдеу мекемелеріне және қоғамдық орындарға бару үшін 58 «Әлеуметтік такси» қызмет көрсетуде. Такси қызметі биыл өзгенің  көмегіне мұқтаж   жандардың 15 мың 428 өтініміне қызмет көрсеткен.