НӘРЕСТЕ ӨЛІМІ АЗАЯДЫ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қалалық перинаталдық орталығына нәрестелердің шетінеуіне жол бермейтін және сәбилердің мүгедектігінің алдын алуға арналған заманауи медицина қондырғысы берілді. Медициналық кешенді құрал жүкті әйелдердің босануы кезінде ауыр және орташа асфиксияға ұшыраған сәбилердің өмірін сақтап, денсаулығын қалыпқа келтіру мүмкіндігіне ие. Әлеуметтік жоба аясында орнатылған кешенді құрылғының жалпы құны 132 миллион теңге.
Жалпы, ана мен бала өлімін азайту мақсатында 2017 жылы «Ayala» қоры мен Денсаулық сақтау министрлігі «Басқарылатын гипотермия» жобасын қолдау туралы меморандумға қол қойған болатын. Осы келісімнің аясында бүгінгі таңға дейін қордың көмегімен Қазақстанның 12 қаласындағы перзентханаларға арнайы медициналық құрал-жабдықтар орнатылды. Соның арқасында дәрігерлер жаңа туған 235 сәбидің өмірін құтқарып қалды. Республика көлемінде орнатылған 12 кешеннің алтауы «Самұрық-Қазына» АҚ-ы компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілік қолдауымен алынған. Бұл туралы «Ayala» қорының өкілі Наталья Еськова айтты.
Мамандардың айтуынша, Шымкент қаласы – «Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілік қолдауымен заманауи жабдыққа қол жеткізіп отырған алтыншы өңір. Мегаполистегі перинаталдық орталық мамандары арнайы жабдық алынғанға дейін реанимацияда қолда бар құралдармен механикалық гипотермия әдісін қолданып келген.
– Адам ағзасы асфиксиясының (тұншығу) себебі өте көп. Оны дудыратын тудыратын жағдайдың бірі — ананың денсаулығындағы кінәраттың балаға берілуі болса, екіншісі, босану кезінде болатын және кеш анықталатын жағдайлар. Медицинада асфиксияны емдеудің басты хаттамасына сәйкес, жаңа туған нәрестенің ми жасушаларын зақымданудан сақтау үшін үш тәулік бойы нәрестенің дене қызуын +34 градуста ұстау керек. Яғни, бұл кешенді құрылғы баланың дене температурасын бірқалыпты ұстауға және динамикасын жан-жақты қадағалауға көмектеседі. Үшінші тәуліктен соң баланың жағдайы жақсарған кезде келесі ем-дом тағайындалады, – дейді Шымкент қалалық перинаталдық орталығының реанимация бөлімінің меңгерушісі Миродил Миркурбанов.
Биыл Шымкент қалалық перинаталдық орталығында 4 мың 560 сәби туылса, оның 500-ге жуығы реанимация бөліміндегі мамандардың көмегіне жүгінген. Ал, 5 сәби асфиксиямен туылды. Кешенді құрылғы орнатылғанға дейін төртеуіне механикалық гипотермия әдісімен қадағалап, ем-дом жасалды. Ал, бесінші сәби осы құрылғының көмегімен емделіп, отбасына оралды.