ОТЫРАР АУДАНЫНДАҒЫ ТАРИХИ ОРЫНДАРДЫҢ ТУРИСТЕРДІ ТАРТУДА ӘЛЕУЕТІ ЗОР

  • Түркістан облысы, Түркістан қаласы
blog-single-image

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Отырар ауданында халықпен кездесуі өтті. Тарихи өлкеде ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды. Халықпен кездесуінде ол Отырар өңірі Түркістан қаласымен бірге дамитындығын жеткізді. Өйткені туристік әлеуеті өте жоғары екендігін әрі Қасиетті Арыстан баб кесенесі, Отырар қалашығы және өзге де тарихи орындар саяхатшыларды қызықтыратынын атап өтті.
Облыс әкімі Отырар ауданындағы жұмыс сапарында Отырар қалажұртындағы тарихи нысандармен танысты. «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Ж.Махашов 2020-2022 жылдар аралығындағы Отырар қалашығын ішінара зерттеу, сақтау, қайта қалпына келтіру жобасы аясында атқарылған жұмыстармен таныстырып, алдағы атқарылатын жоспарларын атап өтті.
Дархан Амангелдіұлы танысу барысында тарихи құндылықтарымызды насихаттау мақсатында Отырар қалашығын туристерге тиімді қызмет көрсету үшін пайдалану керектігін атап өтті. Сондай-ақ музей-қорық қызметкерлеріне жұмыстарына сәттілік тіледі.
Өткен жылы желтоқсанда археолог-ғалымдар мен реставраторлар «Ежелгі Отырар қаласын ішінара қалпына келтіру» жобасы аясында тиісті жұмыстарды толығымен аяқтады. Енді Отырар қалашығы ашық аспан астындағы музей ретінде жұмыс істеп, туристерді қабылдайды.
Қазақ өркениетінің алтын діңгегі саналған Отырар жеріне жер жүзінен аса қызығушылықпен келетін ғалымдар мен саяхатшылар жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2022 жылы 420 064 турист осы қасиетті жердің көне тарихына қызығып, киелі Отырарға саяхат жасаған. Оның ішінде Арыстанбаб кесенесіне – 350 007 адам, «Отырар қалажұртына» – 48 916 адам, сапар орталығына – 9 416, ал музей экспозициясына – 11 724 адам келген.