Бүгін елімізде «Прокуратура туралы» конституциялық заң күшіне енді. Жаңа құжаттың азаматтарды және олардың өмірі мен бостандығы, құқықтарын мемлекеттің жоғары құндылығы ретінде қорғауға, сондай-ақ заңның үстемдігін қамтамасыз етуге негіз болмақ.
Заңдылықты арттыру және құқық қорғау қызметін жүйелі күшейту мақсатында 2022 жылғы 5 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Прокуратура туралы» Конституциялық заңына қол қойған болатын. Жаңа құжатта еліміздегі заңдардың пәрменді құралдары мен қадағалаудың тетіктері айқындалды. Осыған сәйкес енді бас прокуратура қабалданғалы жатқан заңдар, құқықтық нормативтік актілер, кодекстер, халықаралық шарттардың Ата Заңға сәйкестігі туралы өз ұсыныстарымен сотқа жүгіне алады.
– Мысалы, прокурорлық актілерге наразылық, санкция, нұсқау, ұсыну немесе басқа да құқықтық актілерде қайшылық болған жағдайда прокурор сотқа күшін жоюға талап арыз бере алады. Сондай-ақ прокуратура Жоғары сотқа сот практикасы мәселелері бойынша түсініктеме беру туралы ұсыныс жасау мүмкіндігіне ие болды. Жалпы Конститутциялық заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, бизнес, қоғам және мемлекет мүдделерін тиімді сақтауға ықпал ететін болады,-деді бүгін бұқаралық ақпарат құралдарына түсініктеме берген Шымкент қаласы прокурорының бірінші орынбасары Нұржан Сейдалиев.
Сондай-ақ, жаңа заңда қадағалау мен ден қою актілері нақтыланды. Заңдылықтың сақталуын тексеру, оның жай-күйіне талдау жасау шеңберіндегі талаптары мен сұрау салулары меншік нысанына қарамастан мемлекеттік органдардың, мекемелердің, ұйымдардың, олардың лауазымды қызметкерерінің орындауы міндетті. Мәселен бұған дейін әкім орынбасарларының, басқарма басшыларының жауапкершілігін қарау әкімге тапсырылғанымен, көбіне олардан төмен тұрған қызметкерлерге шара көрілетін. Енді қадағалау актісінде олардың нақты аты жөні, лауазымы көрсетіледі.
Шымкент қаласы прокурорының бірінші орынбасары Нұржан Сейдалиев «нақты мемлекеттік орган лауазымының нақты аты-жөнін көрсете отырып сол азаматты жауапкершілігін қарау жөнінде қадағалау актісін енгізген жағдайда мемлекеттік органның лауазым иесі оның жауапкершілігін қарауға міндетті» екенін айтты.
Егер, жергілікті билік басындағылар прокурорлық актіні дұрыс орындамаса немесе белгіленген мерзімінде жүзеге аспаса конституциялық заңда әкімшілік құқық бұзушылық туралы шара көзделген. Ол туралы прокурорлар бұрынғыдай наразылық келтірмейді, өтініш хат береді.