РЕСПУБЛИКА КҮНІ – ЕЛ ЕГЕМЕНДІГІНІҢ БАСТАУЫ
-
Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы
Халқымыздың еркіндігі мен бостандығының кепілі болған ұлттық мерекені Шымкент қаласының жұртшылығы да қуана тойлады. Шаһарда 300-ден астам мәдени-патриоттық шаралар өтіп, мемлекетіміздің дамуына айырықша үлес қосқан азаматтар марапатталды.
Бұл мереке бұрынғыдан өзгерек. Алаштың асқақ айбынын танытқан бейне баян көптің рухын асқақтатып, мерейі мен жігерін тасытты. Егемен елдің өткені мен даму кезеңдері, дала халқының дархандығы мен дара көңілі көрсетілді. «Сазген сазы» фолькорлық-этнографиялық ансамблінің орындауындағы күй ұлтымыздың болмысын сыры сазбен әуелете жеткізді.
Мерекеге орай мегаполисте патриоттар форумы, ашық есік күндері, марафондар, жыр сайыстары өтті. Білім ұяларында ашық тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Мерекеге орай өткізілген салтанатты жиында Шым шаһардың дамуы мен өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп, тер төккен 30-ға жуық азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Жұмат Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрының әртісі Сапарбай Өтемісұлы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, үш азамат «Парасат» орденімен және 5 азамат «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ түрлі саладағы еңбек ететін 3 қала тұрғыны ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» медалімен және 9 азамат «Ерен еңбегі үшін» медалімен нагарадталды. Және бірқатар мамандар мен жұмысшылар «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын алды. Соларың бірі ұзақ жыл мәдениет саласында еңбек еткен Лесбек Майемеров:
– Республика күні елдің рухын көтеретін, ынтымағын біріктіретін, елді ұйыстыратын, әр уақытта алға бастайтын халықтың мерекесі, елдің, жердің мерекесі,-дейді.
Республика күніне орай Шымкент қаласында 300-ден астам іс-шаралар ұйымдастырылды . 21 өнер мекемесі мен 4 әкімдік әртүрлі деңгейдегі қала тұрғындарына арналған іс-шаралар өткізді. Тұғыры биік, іргесі бекем тәуелсіз елдің арқасында Шымкент қаласының тыныс-тіршілігі де жанданып, қарыштап өсіп келеді. Шаһардың республикалық мәртебеге ие болуы инвестициялық белсенділіктің артуына септігін тигізді. Алдағы үш жылда қала халқы инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылғалы отыр. Мегаполис атанғалы халық саны 200 мыңға өскен. Салтанатты жиында қала әкімі Мұрат Әйтенов
– Үшінші мегаполиске соңғы 5 жылда 1,8 триллион теңге, ал биылғы жылдың 9 айында 327,9 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 20%-ға жоғары. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 530 миллиардқа жеткізуді жоспарлаудамыз, ол үшін нақты қадамдар жасалған,-деді.