САПАЛЫ ЖОЛ САЛУҒА МҮМКІНДІКТЕР КӨП
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Алты айшылық алыс жерден жылдам хабар алғызып, қарыштап дамыған техника жылқыны темір тұлпарға, сұңқарды ұшаққа айырбастады. Бүгінде ойға алған елдімекен, қала, алысты-жақын шетелдерге жету әуе, мейлі тас жол болсын оңтайлана түсті. Нарық заманында көлік қызметі үлкен сұранысты иемденіп, ТМД елдері арасында жүк тасымалының 70%-ын автокөліктер орындап келеді. Жол сапасы жағынан еліміз әлем елдерінің көшіне енді ілесе бастады. Жол салудың біз білмейтін қыры мен сыры қандай? Бұл сұрақтарға өмірінің 40 жылын жол саласына сарп еткен ардагер жолшы Бердібек Досыбай былай деп жауап берді.
Бердібек Досыбай: Баяғымен салыстырғанда қазір алға жылжу бар. Асфальттің сапасы жақсарып келеді. Адамдардың мүмкіншілігі артып, жолдар ұзарып жатыр. Бұрын тек құм жолдармен жүріп сапарға шығатын ек. Асфальт деген жәй тас пен смаланың қосындысынан ғана жасалатын. Ал, бүгінде техника қарқынды дамып, ыстық, суық асфальттан төселген жолдардың саны артты. Қазір Шымкент қаласының ішіндегі жолдардың түрі де жол салуға керекті құрамы да өзгерген. Сапалы жол салуға мүмкіндіктер көп. Қаланы аралап көретін болсақ, елді-мекендерде аялдаманың саны артқанын да байқаймыз. Әсіресе, аялдама арасының үш шақырым болғаны ауыл-аймақтағы тұрғындар үшін өте қолайлы болып тұр.
Осы тұста ескере кететін мәселелер де бар. Кеңес одағы тұсында тас жолдарды салғанда халықтың жағдайы ескерілетін. Мысалы, 80-90 жылдары еліміздің көптеген тас жолдарда демалыс алаңшасы болатын. Өйткені ұзақ сапардан келе жатқан жеңіл, ауыр көліктерге автотұрақ керек. Неге? Себебі жол бойындағы автотұрақ апта бойы жүдеп келе жатқан жүргізушілердің демалуына мүмкіндік береді. Демалу тұрағы қазір де бар. Ол кездермен салыстырғанда жанға жайлы, барлық жағдайлар қарастырылған. Қонақ үйлерді де кездестіруге болады. Ендігі ұсыныс, солардың санын көбейту керек. Көлік жөндейтін шеберханалар да керек жол бойында. Техниканың аты техника, қанша құнтты болғаныңызбен күтпеген жағдайларға тап болуыңыз мүмкін. Сонда, осы автокөліктің ақауын тауып, жөндеп алатын орын керек. Жалпы, жолдар қай елдің мемлекеттің болмасын экономикасына көрсеткіш бола алады. Жолдары жайлы, сапалы болса, дамыған мемлекет екен дейміз. Қалада солай. Бүгінде Шымкент қаласында жолдар ұзарған. Бұл қала әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.
OpenKZ-АҚПАРАТ