«СОЛТҮСТІК САЯЖАЙ» САМАЛАДАЙ ЖАРҚЫРАЙДЫ
-
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы
Шымкент қаласындағы «Солтүстік саяжай» елді мекені сапалы электр қуатымен қамтылды.Бұл жұмыс аяқталып, енді тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу үшін абоненттеу жұмысы басталды.
Шағын ауданда жаңа электр желісін тарту кезінде 4 мың 773 электр бағанасы мен 70 трансформатор орнатылды. Сондай-ақ, 145 шақырым электр желілері тартылды. Бұған дейін «Солтүстік саяжай» елді мекені тұрғындары жекеменшік желіден сапасыз электр қуатын тұтынып келген болатын. Ең бастысы, осыған дейін тұрғындар 1кВ электр қуаты үшін 30-35 теңге төлеп келген болса, қазір ол баға арзандап, 17,96 теңгеге түсті.
– Осында қоныс аударғалы жекенің меншігіндегі трансформатордан электр жарығын алып, тұтынып келдік. Ең қиыны, оның төлемақысы қымбат. Оған қосымша ай сайын тасымалдау кезінде болатын шығындар үшін тағы қаржы жиналады. Оған да көндік. Соншама ақша төлегенімізбен, ымырты түссе шамдарымыз сығырайып қалатын. Балаларымыз не сабағын оқып, дайындала алмай түртініктеп жүреді. Тұрмыстық техникалар да электр қуатының әлсіздігінен жиі бұзылатын. Енді бұл қиындықтардың бәрі артта қалатын болды. Көшелеріміз самаладай жарқырып тұратын кезге жеттік деп ойлаймын,-дейді «Солтүстік саяжай» шағын ауданының тұрғыны Сержан Әлімханов.
Енді шағын аудан тұрғындар қажетті құжаттарды «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-і мекемесіне өткізіп, мемлекеттік желіден электр тұтына алады. Жалпы жұмыс нәтижесінде, Солтүстік саяжайдағы 5 784 абонент сапалы электр қуатымен қамтылмақ.
Айта кетейік, биыл сапалы электрмен қамту мақсатында 6 елді мекенде құрылыс жұмысы қарқынды жүруде. Биылғы жылдың соңына қарай Шымкент қаласындағы «Достық», «Тұран», «Нұртас», «Сәуле», «Жаңаталап» елді мекендерінде құрылыс жұмысы аяқталып, 22 мыңға жуық халық сапалы электр қуатын тұтыну мүмкіндігіне ие болады.Осылайша биыл шаһар халқының 98 пайызы сапалы электр қуатына қол жеткізсе, 2023 жылы мегаполистегі барлық елдімекендер 100 пайыз сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.